Өзбекстан президенті футбол матчы үшін жұмыс кестесін өзгертті
Өзбекстан президенті елде жұмыс уақытына қатысты шұғыл шешім қабылдады, деп хабарлайды «24KZ».
Футболдан әлем чемпионатындағы алғашқы матчы қарсаңында Өзбекстанда мемлекеттік мекемелердің жұмыс уақыты екі сағатқа кеш басталды. 18 маусым күні елдегі мемлекеттік ұйымдар әдеттегідей емес, сағат 10:00-де жұмысқа кірісті.
Бұл шешім Өзбекстан құрамасының әлем чемпионатындағы Колумбияға қарсы ойынына байланысты қабылданған. Матч Ташкент уақытымен таңғы сағат 07:00-де басталды.
Өзбекстан президентінің баспасөз хатшысы Шерзод Асадовтың айтуынша, мұндай қадам халықтың ұлттық құрамаға үйде, жақындарымен бірге жанкүйерлік етуіне мүмкіндік беру үшін жасалған.
«Халқымызға ұлттық құрамаға үйде, жақындарымен бірге жанкүйерлік етуі үшін қосымша қолайлылық жасалып отыр», – деді Асадов.
Ал жекеменшік кәсіпорындар жұмыс кестесін өз мүмкіндігіне қарай дербес белгілейді.
Айта кетейік, биыл футболдан әлем чемпионатына алғаш рет қатысып жатқан құрамалардың қатарында Өзбекстан да бар.
Әлем чемпионатының 1-турында Өзбекстан құрамасы Колумбиямен кездесті. FIFA рейтингінде 50-орында тұрған өзбекстандықтар әлемдік рейтингте 13-сатыдағы Колумбияға қарсы тартысты ойын өткізіп, 1:3 есебімен жеңілді.
«24KZ» Telegram-арнасына жазылыңыз