Қазақстанның болашақ чемпиондары: дәл қазір назар аударуға тұрарлық 3 жас спортшы

Фото: Qazaq Expert Club

Қазақстан спортының болашағы бүгінгі жұлдыздармен ғана емес, олардың ізін басып келе жатқан жас таланттармен де айқындалады,  деп хабарлайды «24KZ».

Бүгінде Қазақстанда халықаралық деңгейде нәтижелерге қол жеткізіп жүрген жаңа буын спортшылар қалыптасып келеді. Qazaq Expert Club-тың спорт саласындағы сарапшысы Евгений Азарьев әлем және Азия чемпионаттарындағы жеңістерімен, халықаралық рейтингтердегі жоғары орындарымен және ересектер спортына сәтті өтуімен ерекшеленетін бірнеше жас спортшыны атады.

«Әрине, әр спорт түрінде назар аударуға лайық дарынды жастар бар. Бірақ халықаралық аренада бүгіннің өзінде нәтижесімен көзге түсіп жүрген спортшылар туралы айтсақ, ең алдымен Алан Құрманғалиевті, Заңғар Нұрланұлын және Төрехан Сабырханды атар едім», – дейді сарапшы.

Жаңа буынның ең жарқын өкілдерінің бірі ретінде Азарьев үстел теннисінен Қазақстан тарихындағы кадеттер арасындағы тұңғыш әлем чемпионы Алан Құрманғалиевті атайды.

Үстел теннисі әлемдегі ең бәсекелі спорт түрлерінің бірі саналады. Бұл спортта Қытай, Жапония және Оңтүстік Корея спортшылары дәстүрлі түрде көш бастап келеді. Сондықтан қазақстандықтың кадеттер арасындағы әлем чемпионатындағы жеңісі отандық спорт үшін тарихи оқиға болды.

«Бүгінде Құрманғалиев Азия чемпионатының жүлдегері әрі өңірдегі ең перспективалы жас ойыншылардың бірі. Аланның психологиялық тұрақтылығы жоғары, үстел басында шешім қабылдау жылдамдығы өте жақсы. Оның жетістіктері қазақстандық үстел теннисіне деген қызығушылықты арттырып отыр, ал болашақта ересектер арасындағы халықаралық деңгейде де үлкен жетістіктерге жетуге әлеуеті зор», – дейді Азарьев.

Сарапшы ерекше атап өткен тағы бір спортшы – Заңғар Нұрланұлы, Қазақстанның ең перспективалы жас теннисшілерінің бірі.

«Заңғар Нұрланұлы 14 жасқа дейінгі Tennis Europe рейтингінің көшбасшыларының қатарында болды және халықаралық жасөспірімдер турнирлерінде бірнеше рет жеңімпаз атанды. Өз жасындағы спортшы үшін бұл өте жоғары көрсеткіш», – дейді сарапшы.

Нұрланұлының жетістіктері Қазақстанның теннисті дамытуға бағытталған ауқымды инвестицияларының нәтижесін де көрсетеді. Қазіргі таңда ол отандық теннис жүйесінің ең болашағы зор тәрбиеленушілерінің бірі саналады.

«Заңғардың ойын мәнері заманауи, шабуылға негізделген әрі тәртібі жоғары. Айта кетерлігі, бос уақытында ол шахматпен де шұғылданады. Бұл оған стратегиялық ойлау қабілетін дамытып, ойын жағдайларын алдын ала есептеуге көмектеседі. Соңғы жылдары Қазақстан теннис инфрақұрылымына және жас спортшыларды даярлауға едәуір қаржы салды. Заңғардың тарихы бұл инвестициялардың нақты нәтиже бере бастағанын көрсетеді», – дейді Азарьев.

Жас спортшылар арасында сарапшы Қазақстанның ең атақты жас боксшыларының бірі Төрехан Сабырханды да ерекше атап өтті.

«Төрехан Сабырхан 18 жасында жастар арасында Азияның төрт дүркін чемпионы атанды. Мұндай жетістік тіпті боксы дамыған мемлекеттердің өзінде өте сирек кездеседі. Оның марапаттау рәсіміне Геннадий Головкиннің қатысуы да кездейсоқ емес. Көпшілік үшін бұл қазақстандық бокстағы буындар сабақтастығының символына айналды», – дейді сарапшы.

Соңғы жылдары спортшы ересектер спортына қадам басып, кәсіби рингте де дебют жасады.

«Бокста буын алмасу әрдайым оңай өтпейді. Алайда Төрехан бүгіннің өзінде оны қазақстандық бокстың жаңа буынының ең перспективалы өкілдерінің бірі әрі болашақта бұдан да жоғары жетістіктерге жете алатын спортшы ретінде бағалауға мүмкіндік беретін нәтижелер көрсетіп келеді», – деп есептейді Азарьев.

Сарапшының айтуынша, бұл спортшылардың жетістігі таланттың, сапалы дайындықтың, заманауи инфрақұрылымның және жүйелі қолдаудың үйлесімі халықаралық нәтижеге жеткізетінін дәлелдейді.

«Бүгінде спорт жүйесінің басты міндеті – таланттарды тауып қана қоймай, олардың ересектер спортына табысты өтуіне жағдай жасау. Дәл осы кезеңде болашағынан үміт күттіретін жас спортшының әлемдік деңгейдегі атлетке айналатыны немесе айналмайтыны айқындалады», – дейді Азарьев.

Мүмкін, бірнеше жылдан кейін бұл есімдер әлем чемпионаттарында, Олимпиада ойындарында және ең ірі кәсіби турнирлерде жиі аталатын болар. Ал әзірге бұл – дәл бүгіннен бастап жетістіктерін жіті бақылауға тұрарлық спортшылар.

«24KZ» Telegram-арнасына жазылыңыз