Қазақстан дзюдодан Еуропа кубогінде екі алтын медаль еншіледі

Фото: olympic.kz

Прагада (Чехия) өткен дзюдодан Еуропа кубогінде Қазақстан құрамасы жоғары нәтиже көрсетті. Жарыстың соңғы күнінде ел спортшылары қоржынға бір алтын және бір күміс медаль қосты, деп хабарлайды «24KZ».

100 келіден жоғары салмақта өткен финалда Ғалымжан Қырықбай мен командаласы Жантілек Нұртілепұлы татамиде кездесті. Шешуші белдесуде Қырықбай айқын басымдық танытып, қарсыласынан басым түсіп, алтын медаль иегері атанды.

Ал әйелдер арасындағы 48 келіге дейінгі салмақта сынға түскен Тасним Абдуали қола жүлде үшін күресте Германия өкілі Хелен Хабибке есе жіберді.

Айта кетейік, бұған дейін ерлер құрамасы да табысты өнер көрсеткен болатын: 60 келіде Шерзод Давлатов алтын медаль жеңіп алса, Нұраділ Әлжан қола жүлдеге ие болған еді. Осылайша Қазақстан дзюдошылары Еуропа кубогін бірнеше жүлдемен аяқтады.