ӘЧ: плей-офф ойындары басталды

Футболдан әлем чемпионаты аясында плей-офф ойындары басталды.

 Кеше түнде Канада құрамасы Оңтүстік Африка Республикасымен кездесіп, 1:0 есебімен басым түсті. Ойынның 92-минутында Стивен Эуштакиу гол соғып, солтүстік америкалықтарды алға шығарды. Сәйкесінше Канада 1/8 айналымға алғашқылардың бірі болып, жолдама алды. Енді бүгін 22:00 де Жапония мен Бразилия, түнгі 01:00-де Германия мен Парагвай құрамалары ойнайды.

Мерей Дінмұхаммедұлы, спорт сарапшысы:

- Әлем чемпионатында мен үшін фавориттер ол Франция, Аргентина, Испания мен Португалияны 2 пиренейлік құраманы қосуға болады. Мұнда Францияны айтпаса да түсінікті. Дидье Дешам шәкірттері бұл турнирде құдды бір алаң иесі сияқты ойнайтын ұжымдар ғой. Соңғы 2 әлем біріншілігінде финалист атанды. Мейлі Мбаппе болсын, Олисе болсын бұл жігіттердің барлығы шабуылда кез келген елдің қорғанысын бұзып жара алатын ойыншылар.  

Бағлан Тұрғанбек, спорт журналисі:

- Жартылай финалда Францияны, Португалияны, Англияны және Нидерланд құрамаларын көргіміз келеді. Бірақ чемпион ретінде Португалия немесе Францияның чемпион болғанын қалар едім.

ҚПЛ: 15-тур қорытындысы

Футболдан Қазақстан премьер-лигасының 15-тур ойындары аяқталды. “Қайрат” сырт алаңда көкшетаулық “Оқжетпеспен” ойнап, 3:1 есебімен басым түсті. Қостанайлық “Тобыл” өскемендік “Алтайды” дәл сондай есеппен ұтты. Ал “Каспий” өз алаңында Атыраудан, “Елімай” Қызылжардан басым түсті. Қос ойында 2:0 есебі тіркелді. Сондай-ақ “Жетісу” “Ақтөбені”, шымкенттік “Ордабасы” жезқазғандық “Ұлытауды” ұтты. Қорытынды есеп 1:0. Ал қызылордалық “Қайсар” павлодарлық “Ертісті” 2:1 есебімен қапы қалдырса, елордалық “Жеңіс” пен Астана 2:2 есебімен тең тарқасты. Дәл қазір турнирлік кестеде Ордабасы 37 ұпаймен көш басында келе жатыр. Қайрат 36 ұпаймен екінші орынға жайғасса, Оқжетпес 27 ұпаймен үздік үштікті түйіндеп тұр.

Уимблдон турнирі басталады

Лондонда Уимблдон турнирі басталады. Жарыста ел намысын 5 спортшымыз қорғайды. Ерлерден Александр Бублик пен Александр Шевченко және әйелдерден Елена Рыбакина мен Юлия Путинцева сынға түседі. Ал жұптық бәсекеде Анна Данилина бақ сынайды. Еліміздің бірінші, әлемнің 2-ракеткасы саналатын Рыбакина алғашқы айналымда 154-орында тұрған франциялық Луа Буассонмен ойнайды. Ол рейтингте төмен тұрса да былтыр Ролан-Гаррос турнирінің жартылай финалына дейін барып, айды аспанға шығарған еді. Ал Юлия Путинцева германиялық, Александр Бублик австралиялық, Александр Шевченко канадалық теннисшілермен кездеседі.