Бек Нұрмағанбет кәсіпқой рингке оралды
Франция, Норвегия және Мексика келесі кезеңге өтті. Мұхиттың арғы жағында футболдан жылдың басты бәйгесі әлем чемпионаты жалғасып жатыр.
Бүгін әзірге ешқандай сенсация тіркелмеді. Плей-офф кезеңінде Франция Швецияны 3:0 есебімен, Норвегия Кот-Дивуарды 2:1 есебімен, ал Мексика Эквадорды 2:0 есебімен жеңді. Айта кетейік, ала доп аламаны 20 шілдеге дейін жалғасады. Ал отандық спортта қандай жаңалықтар бар?
Бибісара әлемдік рейтингте көтерілді
Бибісара алдыңғы бестікке кірді. Халықаралық шахмат федерациясы соңғы ойындарды саралап, әлемдік рейтингті жаңартты. Оған сәйкес, қазақстандық Бибісара Асаубаева 2538 ұпай жинап, екі сатыға жоғарылады. Қазір әлемдік тізімде бесінші орында тұр. Оның алдына төрт бірдей қытай қызы жайғасты. Яғни, көш басында Хоу Ифань болса, одан кейін Лэй Тинцзе, Цзюй Вэньцзюнь және Чжу Цзиньэр тұр. Айта кетейік, қазақ қызы шахматтың блитц түрі бойынша үш дүркін әлем чемпионы саналады. Сәйкесінше қазір халықаралық дәрежедегі ең үздік гросмейстердің біріне айналды. Әсіресе осы тұрақты жеңістерінің арқасында алдыңғы бестікке кіріп отыр. Жыл басында оның еншісінде 2497 ұпай болды және әлемдік рейтингтіктің 11-ші сатысында еді. Қысқа аралықта үлкен жетістікке жетті. Осыны ескерген қазақстандық тарап оған жуырда ІІ дәрежелі «Барыс» орденін табыстады.
Бек Нұрмағанбет кәсіпқой рингке оралды
Бек Нұрмағанбет ұзақ үзілістен кейін рингке қайта оралды. Қазақстандық кәсіпқой боксшы 25-шілде күні Алматыда өтетін жекпе-жек кешінде қатысады. Қарсыласы - ресейлік Артыш Лопсан. Ол бүгінге дейін 19 кездесу өткізіп, 14-інде жеңіске жеткен. 9-ын уақытынан бұрын аяқтаған. Ал Бектің көрсеткіші15 жекпе-жек, 15 жеңіс. Тіпті оның 13-інде нокаут тіркелді. Қос боксшы да кәсіпқой рингтегі мансаптарын 2019-2020 жылдары бастады. Артыш соңғы кездесуін биыл қаңтар айында өткізді. Ал Бектің жұдырықтаспағанына бір жылға жуықтады. Ол соңғы рет былтыр қыркүйекте америкалық Стивен Самптермен кездесіп, жекпе-жекті уақытынан бұрын аяқтады.
Көшпенділер ойындарына дайындық
Әр салымға миллион теңгеден беріледі. Алдағы көшпенділер ойындарында көкпаршыларды ынталандырып, барынша қолдау таныту мақсатында осындай бастама қолға алынды. Бұл жөнінде дүниежүзілік көкпар қауымдастығының президенті Данияр Қобыландин мәлімдеді. Ол Алматы іргесінде спорттық базаға арнайы барып, жаттығу жиынында жүрген ұлттық құрама жігіттерімен кездесті. Басқосу барысында көшпенділер ойындарына дайындық талқыланды. Жігіттерді одан сайын жігерлендіру мақсатында көкпар ойынының финалындағы әр салымға миллион теңгеден беруге дайын екенін жеткізді. Айта кетейік, Дүнеиежүзілік көшпенділер ойындары биыл көрші қырғыз елінде болады. Жарыс 31 тамызда басталып, 6қыркүйекке дейін жалғасады.