Ауыр атлетикадан ел чемпионаты өтіп жатыр

Түркістанда алғаш рет ауыр атлетикадан 20 жасқа дейінгі жасөспірімдер арасындағы жеке-командалық ел чемпионаты өтіп жатыр. 

Бүгін жарыстың ресми ашылу салтанатына қатысқан Қазақстан ауыр атлетика федерациясының бірінші вице-президенті Мадина Астамирова бұл жарыс жас зілтеміршілердің шеберлігін шыңдап қана қоймай, ел намысын халықаралық аренада қорғайтын дарынды спортшыларды іріктеуге мүмкіндік беретінін атап өтті. Республикалық біріншілікке еліміздің 13 өңірінен жүзге жуық спортышы қатысып, бақ сынап жатыр. Медальдар 16 салмақ дәрежесі бойынша сарапқа салынады. Жарыс жоғары деңгейде өтіп жатыр. Әрбір спортшы өз мүмкіндігін барынша көрсетіп, үздік нәтижеге ұмтылуда. 3 шілдеден басталған байрақты бәсеке 11 шілдеге дейін жалғасады.

Әли Медетбаев, жарыс жеңімпазы:

- Осы жарыста 71 келі салмақ дәрежесінде өнер көрсеттім. Жұлқа көтеруде 114 келіні бағындырып, 3 орын алдым. Ал серпе көтеруде 160 келіні бағындырып 1 орын және қос сайыс нәтижесінде 1 орын алдым. Әзірге жалпы есеп бойынша біздің Қызылорда облысы көшбастап келе жатырмыз. Алда тағы да қатысатын спортшыларымыз бар.

Ғалымжан Худияров, облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы:

- Біздің өңір жекпе-жек спорт түрлеріне бейімделген болса, қазір біз спортшыларымызды жеңіл атлетикаға, ауыр атлетикаға, ойын түрлеріне қаттырақ бейімдеп, ол жақта да спортты дамытып жатырмыз. Бұл жерде жеңімпаз атанған спортшыларымыз алда өтетін Азия, әлем чемпионатына жолдама алатын болады.