ӘЧ: Испания финалға шықты

Футболдан Испания құрамасы араға 16 жыл салып, әлем чемпионатының финалына шықты. 

Жартылай финалда Франциямен кездесіп, 2:0 есебімен жеңіске жетті. Ойынның 22-ші минутында Оярсабаль пенальтиден есеп ашса, 58-ші минутта Педро Подро есепті еселеді. Енді пиренейліктер ақтық сында Англия мен Аргентина жұбының жеңімпазымен жолығады. Айта кетейік, қызыл фуриялар 2010 жылы Оңтүстік Африка Республикасында өткен әлем чемпионатында топ жарған болатын. 

Луис де Ла Фуэнте, Испания құрамасының бас бапкері:

- Қазіргі сезімімді сөзбен жеткізу мүмкін емес. Бұл жеңіс командаға ерекше қуаныш сыйлады. Енді финалда ойнау үлкен жауапкершілік әрі мәртебе. Киім ауыстыратын бөлмеде бізгі әлемдегі ең үздік құрамалардың бірі қарсы тұратынын айттық. Алайда олар да әлемдегі ең үздік командаға қарсы ойнады. Футболшыларым ауыр матчта әдемі ойын өрнегін көрсете білді. Осындай ұжымды жаттықтыру мен үшін үлкен мәртебе. Енді соңғы қадам ғана қалды. Кубокты төбемізге көтеру үшін бар күшімізді саламыз.     

Дидье Дешам, Франция құрамасының бас бапкері:

- Енді 3 орын үшін болатын матчқа толықтай дайынмын. Жігіттермен бірге ойында бар күшімді саламын. Менің мақсатым – соңына дейін күресу. Чемпиондыққа таласа алмайтынымызды ойласам, іштей өкініш пайда болады. Алайда біздің осыған дейін атқарған ісімізді, жүрген жолымызды ешкім жоққа шығара алмайды. Испанияның да деңгейін төмендетпеймін. Олар ойынды толық бақылауда ұстады.

ӘЧ: Англия мен Аргентина құрамасы кездеседі

Бүгін футболдан әлем чемпионатының екінші жартылай финалдық матчы өтеді. Англия мен Аргентина ақтық кезең жолдамасын сарапқа салады. Ағылшындар плей-офф кезеңінен бері Конго, Мексика, Норвегия құрамаларын жарыстан шығарса, Аргентина Кабо-Верде, Египет, Швейцариядан басым түскен болатын. Қос команда бұған дейін 15 рет кездескен. Англия 6 рет, оңтүстік америкалықтар 3 мәрте жеңіске жеткен және 6 рет тең тарқасқан. Ойын Астана уақытымен түнгі 12 де басталады.    

Юлия Путинцева 1/8 айналымға шықты

Юлия Путинцева Румыниядағы турнирдің 1/8 айналымына өтті. Еліміздің 2-ші, әлемнің 82-ші ракеткасы саналатын жерлесіміз америкалық теннисшімен кездесіп, 2:0 есебімен жеңіске жетті. Қос сет қорытындысы бойынша 7:5, 6:2 есебі тіркелді. Ойын 2 сағат 7 минутқа созылды. Енді Юлия Путинцева ширек финал жолдамасын әлемдік рейтингте 118-ші орында тұрған армениялық Алина Чараевамен сарапқа салады. Отандасымыз былтыр аталмыш додаға қатыспаған еді. Егер сәтті өнер көрсеткен жағдайға рейтингтік ұпай қорын ұлғайта алады.

Таеквондодан Қазақстан құрамасы әлем кубогында күміс еншіледі. Жарыстың алғашқы күнінде ерлеріміз финалға дейін жетіп, Қытай құрамасына ғана есе жіберді. Есеп 2:0. Отандастарымыз әуелі ширек финалда Марокконы 2:0, жартылай финалда Ресейді 2:1 есебімен жеңген болатын.