Әлем чемпионаты: Атлантадағы тарихи матч

АҚШ-тың әлемге әйгілі Атланта қаласы аладоп аламанының жартылай финалын абыроймен өткізді.

Жалпы елдің оңтүстігіндегі орналасқанн алып шаһар футболдан әлем чемпионатын қабылдау үшін 120 млн долларға жаңарту жұмыстарын жүргізген еді. Көшелер жөнделіп, жаяу жүргіншілерге арналған жолдар мен алаңдар кеңейтілді. Дүбірлі доданы көруге келген туристер есебінен штат қазынасына жарты миллиард доллар пайда түседі деген болжам бар.

Атланта. Бұл шаһардың атауы біз үшін ерекше ыстық естілуі мүмкін. Себебі дәл осы қалада 1996 жылы Тәуелсіз Қазақстан дербес команда ретінде алғашқы жазғы Олимпиада ойындарына қатысты. 3 алтын, 4 күміс, 4 қола қанжығалады. Содан бері міне, арада 30 жыл өткенде Атланта қанатын қайта серпіп, футболдан әлем чемпионатының 8 матчын қабылдап жатыр. Соның соңғысы - жартылай финалдағы Англия мен Аргентина командаларының арасындағы бәсеке.

Дода алдында қос елдің Фолклэнд аралдарына қатысты көзқарастарының қайшылығына байланысты сақтық шаралары күшейтілді. Жанкүйерлерді бөлек есіктерден кіргізіп, түрлі секторларға жайғастырды. 30 жыл бұрынғы теракт пен өткен айда Мексикадағы матчтан соң адам өліміне әкелген кептеліске байланысты тәртіп қатаңдатылды. Қауіпсіздікті қамтамасыз етуге 1600 полиция қызметкері жұмылдырылды.  

Дарин Ширбаум, Атланта Полиция департаментінің басшысы:

- Осы уақытқа дейін барлық матчтар сәтті өтті. Бүгін де солай боларына сенеміз. Осыдан 30 жыл бұрын Атланта әлемді Олимпиадада қарсы алған еді. Енді міне, футболдан әлем чемпионатын өткізіп жатырмыз. 

Шілденің шіліңгір ыстығы ұлттық құрамаларына сырттан қолдау танытқан жанкүйерлерге кедергі болмады. Дерекке сүйенсек, дода басталғаннан бері ойындарды жарты миллионға жуық адам келіп тамашалаған. Кіру тегін болғандықтан, бүгін де кісі қарасы қалың. Ән мен би, шағын футбол алаңдары, тамақтану және демалыс аймақтары жанкүйерлерге ерекше көңіл күй сыйлайды. Ал сүйікті командасы жеңсе, олардың қуанышы тіпті еселене түседі.

Изабела, Аргентина құрамасының жанкүйері:

- Аргентинаны жақсы көремін! Өзім де Аргентинадан болған соң, жеңіске қатты қуанып тұрмын. Ұмытылмас матч болды. Біз екінші таймда ерекше күшейетін команда сияқтымыз. Кабо Верде, Мысырмен болған ойындардағыдай үнемі екінші таймда өз пайдамызға шешіп келеміз.

Джош, Аргентина құрамасының жанкүйері:

- Міне, әділдік орнады, мықты команда жеңді. Бұл жеңіс - Диего Марадонаға арналады. Ол - ең үздік футболшы.

Марко, Англия құрамасының жанкүйері:

- Қатты көңілім қалды. Есепті бірінші болып аштық, бірақ кейін қорғаныста отырып алдық. Статистикаға қарасаңыз да, ойын соңында Аргентина басым болды. Соңғы минуттарда екі гол жіберіп алдық.

Зеби, Англия құрамасының жанкүйері:

- 60-70 минут бойы ойын толық Англияның бақылауында болды. Бірақ Томас Тухель бәрін өзі құртты. Алты бірдей қорғаныста ойнайтын футболшыны шығарды. Қарсыластың қорғанысын бұзып, шабуылдайтын бірде-бір жылдам ойыншыны алаңға жібермеді. Бұл өте нашар шешім болды. Ал Месси мұндай мүмкіндікті құр жібермейтін шебер емес пе?

Енді финалдық ойында Месси сәби кезінде өз қолымен шомылдырған 19 жастағы Ламин Ямальмен күш сынасады. Аргентина мен Испания Нью Йоркте кездеседі.

Авторы: Ердана Ержанұлы