FIFA 2026: бүгін әлем чемпионы анықталады
Бүгін футболдан әлем чемпионатының жеңімпазы анықталады. Нью-Джерсиде өтетін финалдық кездесуде Аргентина мен Испания құрамалары бас жүлдені сарапқа салады.
Қос команда бұған дейін 14 рет кездескен. Күш тең: әр құрама алты ойыннан жеңіп, тағы екі матч тең аяқталды. Алайда әлем чемпионатының финалында алғаш рет жолығып отыр. Аргентина қатарынан екінші рет жаһандық доданың жеңімпазы атануды көздесе, Испания 2010 жылдан кейін чемпиондық тұғырға қайта көтерілгісі келеді. Бүгінгі он бесінші кездесу осы текетірестің ең маңызды ойыны болмақ.
Қала аспанын Канададан асып келген қою түтін тұмшалап, зәулім ғимараттар да, финалдық матч өтетін стадион да көрінбей қалды.
Кейін табиғаттың мейірімі түскендей болып, өткінші нөсермен шайып жіберіп еді, Нью-Йорктің көшелерін су басып кетті. Алайда бұның бәріне қарап жатқан жанкүйерлер жоқ. Мегаполистің қақ ортасы көк ала түске боялып, Таймс-скверді Аргентина жанкүйерлері жаулап алды. Ән шырқап, жалау көтерген мыңдаған жанкүйер Лионель Мессидің әлем чемпионатындағы соңғы ойынын ерекше ықыласпен күтіп жүр.
Сильвана Батистон, Аргентина құрама командасының жанкүйері:
- «Бұған дейін бірнеше әлем чемпионатын, соның ішінде Катардағы доданы көрдім. Алайда бұл жолы бәрі ерекше! Аргентина қатысып жатқан осы финалға келудің өзін сөзбен сипаттау қиын болып тұр. Қуанышта шек жоқ. Оның үстіне бұл Мессидің соңғы әлем чемпионаты болуы мүмкін. Нәтиже қандай болса да, еш өкпеміз жоқ.
Испаниялықтар да қалысар емес. Қаланың тағы бір бөлігін қызыл түске бояп, Еуропа чемпиондарының қалай жанкүйерлік танытатынын көрсетіп жүр.
Каролина Наваррете, Испания құрама командасының жанкүйері:
- Аргентина өте мықты қарсылас болады. Матч та қызықты өтеді деп ойлаймын. Соңғы сәтке дейін қобалжитын шығармыз. Алайда әрине, біз жеңеміз!
Финал Нью-Йорктен шамамен 16 шақырым жердегі Нью-Джерси стадионында өтеді. 82 мыңнан астам көрермен сыятын арена бұған дейін Super Bowl жарысын, Америка кубогының және клубтар арасындағы әлем чемпионатының финалдарын қабылдаған. Биылғы бәсекеде мұнда да сегіз матч өткізіліп отыр. Қауіпсіздікті жергілікті полиция, Федералдық тергеу бюросы, Құпия қызмет және Ұлттық қауіпсіздік министрлігі бірлесіп қамтамасыз етуде. Осы жылғы тағы бір ерекшелік – финалдан кейін алаңның шөбі де кәдесыйға айналады. Акрил қорапқа салынған жабындының шағын бөлігі 450 доллардан, арнайы нұсқасы 3 мың доллардан сатылады.
Ал чемпион атанған құраманың 30 мүшесіне алтын медальмен бірге америкалық спорт үлгісіндегі жеке жүзік табысталады. Мұндай марапат әлем чемпионаты тарихында алғаш рет енгізіліп отыр.
Ердана Ержанұлы, тілші:
- Финал басталар алдында өтетін жабылу салтанатында Post Malone, Робби Уильямс, Николь Шерзингер және Лаура Паузини бастаған әртістер өнер көрсетеді. Ал матч үзілісінде әлем чемпионаттары тарихындағы алғашқы ауқымды музыкалық шоу ұйымдастырылады. Оның басты жұлдыздары – Мадонна, Шакира, Джастин Бибер және BTS болмақ. Финалға АҚШ президенті Дональд Трамп та келуі ықтимал. Өйткені, осыған дейін FIFA басшысы Джанни Инфантино жеңімпазға кубокты Трамппен бірге табыстайтынын мәлімдеген еді.
Дональд Трамп, АҚШ президенті:
- Бұл турнирдің табысты өткені сонша, АҚШ әлем чемпионатын тағы қабылдауы керек деп ұсындым. Келесі жолы бізге басқа бір елді қосуға болады. Джаннидің де бір идеясы бар: болашақ турнирді АҚШ пен Қытай бірлесіп өткізуі мүмкін.
Десе де бұл жолғы біріншілік үш елдің ортақ жобасы. Сондықтан финалға Мексика президенті Клаудия Шейнбаум мен Канада премьер-министрі Марк Карни де арнайы келеді.
Ал финалдық бәсеке қос ел үшін 15 кездесу болмақ. Испания мен Аргентина бұған дейін 14 рет кездескен. Есеп тең: әр құрама алты рет жеңіске жетіп, екі ойын тең аяқталған. Енді Нью-Джерсидегі жекпе-жек осы тепе-теңдікті бұзып қана қоймай, әлемнің жаңа чемпионын анықтайды.
Авторы: Ердана Ержанұлы