Қазақстан құрамасы дрон-футболдан үздік ондыққа енді

Дрон-футболдан Оңтүстік Кореяда өткен FIDA Intercontinental Cup 2026 халықаралық турнирінде ұлттық құрамамыз үздіктер қатарынан көрінді. 

Сонымен бірге Қазақстан командасы халықаралық сарапшылар тарапынан жоғары баға алды. 

Владислав Цой, тілші:

- Халықаралық дрон футболы турниріне 20-дан астам мемлекет қатысып жатыр. Елімізден 26 сайыскер бар. Олар диаметрі 20 сантиметрлік шар тәрізді дрондар қолданылатын «Класс 20» санаты бойынша сайысқа түсіп жатыр. Ал шарлары екі есе үлкен «Класс 40» санатында ұлттық құрама командалар жарысады. Олардың қатарында Қазақстан құрамасы да бар.

Әлихан Рысбай, Қазақстан дрон-футбол қауымдастығының жетекшісі:

- Қазір бұл бағыт өте қарқынды дамып келеді. Егер өткен жылы чемпионатқа үш команда алып келсек, биыл олардың саны екі есе көп. Қазақстандағы топтардың саны қазір елуге жуықтап қалды.

Жарыс қорытындысы бойынша «40-клас» санатында Қазақстан ұлттық құрамасы 6 орынды, ал «20-клас» санатында 7 орынды иеленді. Сонымен қатар клубтық командаларымыздың бірі жалпы есепте үздік ондыққа енді. Спорттық шеберлігі мен осы спорт түрін дамытуға қосқан үлесі үшін Қазақстан құрама командалары «International Excellence Award» сыйлығымен марапатталды.

Саян Әбдіжаппар, дрон-футболдан ҚР ұлттық құрама команда мүшесі:

- Жарыстарда жеңу үшін, ең бірінші, бұл командалық ойын болғандықтан, командамен қарым-қатынас жақсы болуы керек. Сондай-ақ ойын кезінде бір-бірімен сөйлесіп, ақпарат алмасып отыру қажет. Сонымен қатар, бұл жерде өте тез шешім қабылдай білу керек, өйткені қарсылас команданың шабуылдаушылары әртүрлі позициялардан шабуыл жасауы мүмкін. Сол кезде қорғаушылар соны біліп, түсініп, бірден сол позицияға тұрып үлгеруі керек.

Бар-жоғы екі жыл ішінде еліміздегі дрон-футбол Корея мен Жапония сияқты технологиялық алпауыттармен бір деңгейге көтерілді. Қазақстан енді осы күзде Астанада халықаралық кубок өткізуді жоспарлап отыр. 

Авторлары: Владислав Цой, Ольга Лян