Франция құрамасының бас бапкері қызметінен кетті

Жәмила Бақбергенова Будапешттегі халықаралық рейтингілік турнирдің күміс жүлдегері атанды.

Еркін күрес шебері алғашқы айналымда қырғыз палуанын ұтса, жартылай финалда Үндістан өкілінен айласын асырды. Алайда ақтық айқаста польшалық спортшыға есе жіберіп, жарысты екінші орынмен аяқтады.

Испания 2 дүркін әлем чемпионы атанды

Футболдан Испания құрамасы әлемнің 2 дүркін чемпионы атанды. Қызыл фурия финалда Аргентинамен кездесіп, 1:0 есебімен басым түсті. Жалғыз голдың авторы Ферран Торрес. Яғни қосымша таймда, ойынның 106-минутында есеп ашты. Доп додасы басталғалы өз тобынан 1-орынмен шыққан Испания плей-оффта Аустрия мен Португалияны, Бельгия мен Францияны артта қалдырып, мундиаль тарихында 2-рет топ жарып отыр.

Лионель Скалони, Аргентина құрамасының бас бапкері:

- Әлем чемпионатының жүлдесін елге алып қайта алмағандықтан көңіліміз жабырқаулы. Ең алдымен, осы жігіттерге алғысымды білдіремін. Өйткені мұндай биік деңгейге жету орасан зор еңбекті талап етеді. Біз жеңісті де, жеңілісті де лайықты қабылдай білуіміз керек. Қарсыласымыз жеңіске әбден лайық болды. Енді мұнымен тоқтап қалмай, басқа жарыстарға дайындаламыз.  

Одан бөлек Испания құрамасының 3 бірдей ойыншысы үздіктер тізіміне енді. Мәселен, қызыл фурияның жартылай қорғаушысы әрі капитаны - Родри әлем чемпионатының үздік ойыншысы атанды. Ол жарыстағы барлық 8 матчқа қатысып, құраманың жеңіске жетуіне елеулі үлес қосты. Ал 19 жастағы Пау Кубарси турнирдің ең жас ойыншысы атанса, Унаи Симон тек 1 гол жіберіп, үздік қақпашы болды. Сондай-ақ, Франция құрамасының шабуылшысы әрі капитаны Килиан Мбаппе турнирдің үздік сұрмергені атағына ие болды. Ол 8 матчта 10 гол соқты.  

Дидье Дешам қызметінен кетті

Дидье Дешам Франция құрамасының бас бапкері қызметінен кетті. 57 жастағы маман команданы 2012 жылдан бастап жаттықтырды. Сәйкесінше 14 жылда 185 матчқа қатысып, 120 ойында жеңіске жеткен. Ол Франция құрамасымен 2018 жылы әлем чемпионатында топ жарса, 2022 де күміспен күптелді. Ал биыл жартылай финалға дейін жетіп, үздік төрттіктен көрінді. Енді оның орнына Зинедин Зидан бас бапкер болып тағайындалады. Осы орайда Франция футбол федерациясы Дешамға көпжылдық еңбегі үшін алғыс айтып, шығарып салды.

ҚПЛ: «Ордабасы» көш бастап тұр

“Ақтөбе” 5-орынға көтерілді. Футболдан ел біріншілігінің 18-туры аясында сырт алаңда Өскеменнің “Алтайымен” кездесіп, 4:2 есебімен басым түсті. Ал “Қайрат” “Атырауды” 3:1 есебімен тізе бүктірсе, көкшетаулық “Оқжетпес” Талдықорғанның “Жетісуын” қапы қалдырды. Есеп 2:0. Одан бөлек “Ордабасы” өз алаңында “Елімайды” қабылдап, 3:1 есебімен жеңіске жетті. Сондай-ақ “Қызылжар” мен “Тобыл”, “Жеңіс” пен “Ұлытау” және “Қайсар” мен “Каспий” арасындағы ойындар 1:1 есебімен тең аяқталды. Ал “Ертіс” пен “Астана” арасындағы кездесу кейінге шегерілді. Әзірге турнир кестесінде шымкенттік “Ордабасы” 43 ұпаймен көш бастаса, “Қайрат” 42 ұпаймен 2-орында келе жатыр. Ал “Оқжетпес” 30 ұпаймен үздік үштікті түйіндеп тұр.

Отандасымыз триатлоннан Еуропа чемпионы атанды

Диана Ержанова триатлоннан Еуропа кубогінің алтын медалін жеңіп алды. Жасөспірімдер арасындағы жарыс Румынияда өтті. Байрақты бәсекеге Италия, Мажарстан, Түркия, Ұлыбритания, Чехия секілді елдерден 30 спортшы қатысып, өзара мықтыны анықтады. Нәтижесінде отандасымыз спринтерлік қашықтықты 35 минут 41 секундта бағындырып, топ жарды. Айта кетейік, ұлттық құрама сапынан Алуа Нұрмұхамет, Калерия Шнейдер, Аида Ким де жарысқа қатысып, үздік ондықтан көрінді.