Футбол тарихын өзгерткен танымал фотолардың сыры

Бүгінде әлемдік футболдың шыңында жүрген жас жұлдыздардың балалық шағында түскен кейбір суреттері уақыт өте келе аңызға айналып жатады. Лионель Мессидің 5 айлық сәбиді шомылдыруы немесе Килиан Мбаппенің өзінің кумирімен кездесуі - жай ғана кадрлар емес, буын сабақтастығының символы. «24KZ» назарларыңызға футбол тарихына енген ең қызықты суреттердің шығу тарихын ұсынады.

2024 жылы әлеуметтік желіде жарияланып, бүкіл футбол сүйер қауымды таңғалдырған суреттердің бірі - 20 жастағы Лионель Месси мен 5 айлық Ламин Ямальдың фотосы болды.

 Кадр 2007 жылдың желтоқсанында түсірілген. Ол кезде бұл жай ғана Diario Sport басылымы мен UNICEF (БҰҰ Балалар қоры) ұйымдастырған қайырымдылық күнтізбесіне арналған фотосессия еді.

Ең таңғаларлығы -  бұл кездесоқ жеребе болған. Ямальдың ата-анасы Рокафонда ауданында өткен ЮНИСЕФ-тің қайырымдылық лотереясын жеңіп алып, балаларын «Барселона» футболшысымен суретке түсіру мүмкіндігіне ие болады.

Месси ол кезде өте ұяң жигіт еді. Ваннадағы сәбиді көргенде қатты сасып, оны қалай ұстарын білмей ыңғайсызданды. Ол кезде бұл сәбидің арада 17 жыл өткенде Еуропаны бағындыратын талантқа айналатынын ешкім білген жоқ», - деп еске алады суретті түсірген Жоан Монфорт.

Арада жылдар өтіп, сол ваннадағы 5 айлық сәбидің уақыт өте келе Лионель Мессидің басты қарсыласына айналарарын ол кезде кім білген? Кеше ғана Аңыздың қолында жатқан кішкентай бала, бүгін жасыл алаңда иық тірестіріп, футбол тарихының жаңа парағын жазып жатыр.

 

Тағы бір тарихи кадр - 13 жасар Килиан Мбаппенің Париж маңындағы Бонди қаласындағы өз бөлмесінде түскен суреті. Фотода жас футболшының бөлмесіндегі қабырғалардың барлығы дерлік Криштиану Роналдудың плакаттарымен қапталған.

 2012 жылы түсірілген бұл фото Мбаппе «Монако» сапында жарқырап, әлемге таныла бастаған 2017 жылы БАҚ-қа тарап кетті.

Дәл осы 2012 жылдың желтоқсанында 13 жасар Мбаппені мадридтік «Реал» клубы Вальдебебастағы базасына қонаққа шақырады. Сол сапарда Килиан өзінің бала кезден бергі пірі Криштиану Роналдумен жүзбе-жүз кездесіп, бірге суретке түседі.

Арада жылдар өтіп, Килиан Мбаппе де мадридтік «Реалдың» басты жұлдызына айналды. Ал оның Роналдумен бірге түскен балалық шақтағы суреті арманның мақсатқа, ал мақсаттың шындыққа айналатынының айқын дәлелі болып қалды.