Қазақстан су добы құрамасы Азия чемпионатының жартылай финалына шықты
Су добынан 19 жасқа дейінгі Қазақстан құрамасы Таиланд астанасы Бангкокта өтіп жатқан Азия чемпионатының жартылай финалына жолдама алды.
Ватерполшыларымыз ширек финалда Өзбекстан құрамасын 22:8 есебімен тізе бүктірді. Енді жерлестеріміз финалдық жолдама үшін Сингапурмен кездеседі.
Су спортындағы жетістіктер
Дәл осы күндері су спортынан Бангкокта Азия чемпионаты өтіп жатыр. Әзірше Қазақстан қоржынында 7 алтын 10 күміс және 5 қола медаль бар. Суға жүзуде 200 метрде Данил Чужинов жеңімпаз атанса, 100 метрге шалқалай жүзу әдісі бойынша Александр Румынский алдына жан салған жоқ. Ол 200 метрде де Азия чемпионы атанды. Ал 100 метрге эстафеталық жарыста Қазақстан ерлер құрамасы ешкімге дес бермеді. Жарыстың бесінші күні Анатолий Руденко 50 метрге брас әдісімен жүзген мықтылар арасынан оза шапты. Суға секіруден жерлестеріміздің қоржыны бос қалмады. Александр Подлесный 1 метрлік тармплинде топ жарды. Азия біріншілігі аяқталғанша жүлде саны арта түседі деген ойдамыз.
«Фенербахче» фаворит па?
Фенербахче футбол клубы биылғы маусымда біраз белесті бағындыруды жоспарлап отыр. Сол үшін Стамбул клубы маусымаралық үзілісте құрамын тәжірибелі ойыншылармен толықтырды. Атап айтар болсақ қорғаныс шебін Натан Акемен күшейтті. Алты жыл бойы ағылшын премьер лигасында доп тепкен Голландиялық қорғаушының қаншалықты тасқамал екенін Сити сапындағы ойындары көрсеткен. Сондай-ақ 32 жастағы Ведад Мурикиде Фенербахче жейдесін қайта киді. Косовалық шабулшы 2020-шы жылдары осы команданың сапында тер төккен болатын. Ағылшын футболшысы Мэйсон Гринвудтта Түріктерді төрге сүйрегісі келеді. Сондай-ақ орталық шепке мароккалық Софьян Амрабатты алдырды. Фенербахче соңғы рет 2014-ші жылы Түркия біріншілігінде топ жарған екен. Содан бері басты қарсыластары Галатасарайдың алдына түсе алмай келеді. Осы олқылықтың орнын биыл толтырамыз деп отыр. Кеше Фенербахче жаңа маусымды жеңіспен бастады. Чемпиондар лигасының екінші іріктеу кезеңінде Стамбулда Польшаның Гурник командасын 1:0 есебімен ұтты. Қарымта ойын бір аптадан кейін өтеді.
Зидан қашан жұмысқа кіріседі?
Зинедин Зиданның қашан жұмысқа кірісетіні белгілі болды. Белгілі инсайдер Фабрицио Романоның сөзіне сенсек 54 жастағы маман бірінші қырқүйектен бастап Франция құрамасының тізгінін қолға алады. Даңқты футболшы және білікті бапкер ұлттық федерациямен көп жылдық келісім шартқа отырған көрінеді. Зидан Франция құрамасының бас бапкері ретінде алғашқы ойынын ұлттар лигасында 25-ші қыркүйекте Түркияға қарсы өткізеді. Арада үш өткенде үш жолақтылар Бельгиямен жасыл алаңға шығады. Зидан, Мадрит Реалымен үш рет чемпиондар лигасын ұтып алса, екі рет Ла Лигада топ жарған. Одан бөлек Испания және Уефа суперкубогы сондай-ақ клубтар арасындағы әлем чемпионаты бар. Дедье Дешамды алмастырған Зизу енді Францияны биікке бастай ала ма? Ол уақыт еншісінде.
Тадей тағы да топ жарғысы келеді
Тур де Франс велбәйгесі мәреге таяп қалды. Кеше үміткерлер 16-шы кезеңді артқа тастады. 26 шақырымға созылған жекелей сында Бельгиялық Ремко Эвенепул мәре сызығын бірінші болып кесті. Ал жалпы есептің көш бастаушысы осынау жарыстың 4 дүркін жеңімпазы Словениялық Тадей Погачар екінші орыннан көрінсе, үштікті Даниялық Маттиас Скельмосе түйіндеді. Погачар жалпы есептегі орнын сақтап қалды. Дегенмен бельгиялық влеошабандоз ара салмақты 28 секундқа қысқартты. Астана командасының сапынан ең үздік нәтиже көрсеткен Италиялық Симоне Веласко16-шы кезеңде мәреге 48-ші болып келді. Тур де Франс жарысы 26-ші шілдеге дейін созылады.