Фатима Ирназарова – әлем чемпионы

«Астана» мен «Елімай» кетті, «Қайрат» пен «Тобыл» қалды. Қазақстандық футбол клубтары еурокубоктің іріктеу кезеңдеріне қатысып жатыр. 

Төрт командамыздың екеуі алғашқы қарсыластарына есе жіберіп, жарыс жолынан шығып қалды. Ал алматылық «Қайрат» пен қостанайлық «Тобылда» әлі де мүмкіндік бар. «Қайрат» алғашқы ойында кипрлік «Омнияға» 1:0 есебімен есе жіберді. Ал «Тобыл» литвалық «Паневежиспен» 1:1 есебіімен тең түсті. Енді қарымта және шешуші ойындар 29-30 шілде күндері болады.  

Қазақстандық сұрмерген қыз Эстонияда өтіп жатқан дүниежүзілік додада топ жарды. Фатима Ирназарова жылжымалы нысана көздеу бойынша бәсекеге қатысқан болатын.

Ол іріктеу кезеңідерінде өте жоғары көрсеткіш тіркеді. Ал финалда украиналық Виктория Рыбоваловадан 6:2 есебімен басым түсті. Осылайша, жарыстың алғашқы күндері қоржынымызға алтын жүлде салды. Ерекшелігі сол бұл жарысқа Фатима Ираназаровамен қатар Зухра Ираназарова да қатысты. Яғни апалы-сіңілі спортшылар бірге бақ сынады және екеуі де жүлдеге ілікті. Фатима, жоғарыда айтқандай, алтын иеленсе, Зухра қолаға қол созды. Осылайша, бір үйдің қыздары жаһандық жарыстың жеңіс тұғырына бірге көтерілді. Таллин қаласындағы әлем чемпионаты әлі де жалғасып жатыр. Сәйкесінде, қазақ қыз-жігіттері жеңіс жолын жалғайды деп сенеміз. Байрақты бәсеке 26 шілдеде мәресіне жетеді. 

Азия чемпионатында топ жарды

Қоржынымыз қоламен толықты. Тайланд астанасы Бангкок қаласында су спорты түрлерінен Азия чемпионаты жалғасып жатыр. Қазақстандық спортшылар аталмыш жарыста жақсы нәтижелер тіркеп, бұған дейін 7 алтын, 10 күміс және 5 қола жеңіп алғанын жеткізген едік. Енді Ясмина Исламова қоржынымызға тағы бір қола салды. Ол әртістік жүзуден әйелдер арасындағы жекелей сында сәтті өнер көрсетіп, үздік үштікті түйіндеді. Бангкок қаласындағы байрақты бәсеке әлі де жалғасып жатыр. Жарыстың соңғы күндері қазақстандық су спортының шеберлері тағы бірнеше бағыт бойынша бақ сынап, медальға таласып көреді. Ел намысны қорғап жатқан қыз-жігіттерге сәттілік тілейміз.

Көшпенділер ойындарына дайындық

Аттардың қауіпсіздігі басты назарда. Қазақстан көкпар федерациясы Дүниежүзідік көшпенділер ойындары алдында онға жуық елдің төрешілерін жинап, халықаралық семинар өткізді. Оның барысында,  ұлттық спортымыздағы жаңа ережелермен таныстырды. Әсіресе аттың басынан ұруға және трос қамшы қолдануға болмайтынын ескертті. Бұл жағдайларда ойыншы алаңнан қуылады. Ал жылдамдықпен келе жатып аттың бүйірінен ұру, тіптен өрескел тәртіп бұзушылық болып саналады. Өйткені ол жерде көкпар аты да, көкпаршы да ауыр жарақат алуы мүмкін. Қазақстан көкпар федерациясы ойын барысындағы осы және өзге де келеңісіз жағдайларды ескеріп, соңғы жылдары тәртіпті кәдімгідей қатаңдатты. Тіпті атқа енгізілетін чиптен бастап, аяғына тағылатын тағаға дейін арнайы талаптар бар. Бертін келе жануар қауіпсіздігіне қатысты бастамаларды көрші қырғыз елі де негізге алып, өздерінің көкбөрі спортына енгізе бастады.