Ағылшын футболындағы ауыс-түйіс
Эстонияның Таллин қаласында қозғалмалы нысана көздеуден әлем чемпионаты өтіп жатыр. Дүниежүзілік жарыста жерлесіміз Фатима Ирназарова алтыннан алқа тақты.
Ол 10 метрлік қашықтықта топ жарды. Ал Зухра Ирназарова осы сайыста қола жүлдегер атанды.
Джошуа шаршы алаңға шығады
Экс әлем чемпионы Энтония Джошуа шаршы алаңға қайта оралады. Сенбінің кешінде Сауд Арабиясында Британиялық боксшы Албаниялық Кристиан Пренгамен қолғап түйістіріп көрмек. Джошуа сөзсіз жеңеді дейтіндер көп. Алайда албан боксшысы да осал емес. Кәсіпқой бокстағы рекорды 20-1. Яғни соңғы рет 2018 жылы ғана жеңілістің ащы дәмін татып көрген. Одан бері қарсыластарын қоғадай жапырып келеді. Атақ-даңқы жоқ болғанымен соққысының салмағы бар. Сондықтан Энтониге босаңсуға әсте болмайды. Былтыр жол апатына ұшырап достарымен жаттықтырушысынан айырылған ағылшын былғары қолғап шеберінрің көресе күні бар екен. Былтыр жазда Джейк Полмен болған шоу кеште жеңіске жеткенімен Джошуға мықтылармен қолғап түйістірмегелі біраз уақыт болыпты. Егер сенбінің кешінде Пренганы ұтып жатса, жыл соңына дейін Тайсон Фьюримен кездесіп қалуы әбден мүмкін.
Ағылшын футболындағы ауыс-түйіс
Ағылшын премьер лигасының басталуына тұп-тура бір ай қалды. Жаңа маусымға қызу дайындық жүргізіп жатқан командалар трансфер уақытында біраз шаруаны шешіп алуды жөн санайды. Яғни, белді футболшыларды шақыртып құрамды күшейткісі келетіні анық. Әлем чемпионатына бармай қалған Алехандро Гарначо биыл Астон Вилла сапында тер төгуге тәуекел етіпті. Бирмингемдік клуб Аргентиналық футболшыны жалға алған. Және келешекте сатып алу құқына да ие болып отыр. Ал өткен жылы Астон вилла намысын қорғаған Морган Роджерсті Челси 137 млн еуроға сатып алды. Осылайша Роджерс ең қымбат ағылшын футболшысы атанды. Томас Тухелдің тізіміне кірмей қалған Фил Фоденге де құда түсушілер көп еді. Алайда жартылай қорғаушы Манчестер ситимен келісім шартын 2030 жылға дейін ұзартты.
Суарес сенімді ақтады
Әлем чемпионаты аяқталған соң Америкада МЛС лигасы қайта жалғасты. Мессидің Майамиі Чикаго Файрды қабылдап маңызды үш ұпайды қоржынға салды. Рас, бұл ойынға Леоның өзі қатысқан жоқ. Әзірше Родриго Де Пауль екеуі демалыста. Бас бапкер капитандық міндетті Луис Суареске сеніп тапсырған болатын. Уругвайлық ардагер футболшы Мессиді жоқтатқан жоқ. Жауапкершілікті өзіне алып осы ойында қос голдың авторы атанды. Алдымен пенальтиден таразы басын теңестірсе, екінші таймда ойын барысында көзге түсіп алаң иелері 3:2 есебімен жеңіске жетті. 17 турдан кейін Интер Майами турнир кестесінің екінші сатысында келеді.