Жаңа бапкер жарылқай ма?
Ескек есуден Қазақстан құрамасы Жапониядағы Азия біріншілігін 4 алтын медальмен аяқтады.
Жарыстың соңғы күні Полат Төребеков каноэмен ескек есуде екінші рет жеңіс тұғырынан көрінсе, Кирилл Тубаев та байдаркамен 10 шақырымдық жарыста олжа салды.
Футболдан Қазақстан құрамасына жаңа бапкер келді. Ұлттық құраманың тізгінін 62 жастағы голландиялық Йоханнес Николас Джон ван Схипке ұстаттық. Өз басым бұл бапкердің есімін бұрын-соңды естіген емеспін. Естігендер де болуы мүмкін. Еңбек жолына көз жүгіртсек, 30 жылдан бері бапкерлік қызметте жүрген голландиялық маман 2010 жылы Австралияның Мельбурн командасымен ел кубогін ұтып алған демесеңіз, басқа ауыз толтырып айтарлық жетістіктері жоқ. Айтпақшы, Аякста Ван Бастеннің көмекшісі болған екен. Кейіннен өзі де Амстердам клубын жаттықтырып , маусым соңында 5-сатыға тұрақтапты. Ұлттық құрамалардан Грекия мен Арменияны жаттықтырып, екі елді де ұшпаққа шығара алмаған. Тіпті Армениямен бір де бір кездесуде жеңіске жете алмағанын, кеше журналистермен болған баспасөз мәслихатында уақыт тым аз болды деп түсіндіріпті. Қазақстан құрамасы ұлттар лигасында алғашқы кездесуін 26 қыркүйек күні Фарер аралдарымен өткізеді. Одан кейін Словакия мен Молдова бар. Командамыз сүрініп жатса, Схип мырзаға жақсы сылтау табылып тұр. Голландиялық маманға Нұрбол Жұмасқалиев пен Елдос Ахметовтар қол ұшын береді.
Бавария биыл да фаворит
Бундеслигада шаппай бәйге алатын бір команда бар. Ол Бавария. Биыл да Бавариямен бәске түсетін команда жоқ дейді білетіндер. Германияның 35 дүркін чемпионы жаздық трансфер уақытында біраз мықтыларды жиып алды. Атап айтсақ, марокколық Исмаиль Сайбари мен жартылай қорғаушы Натаниель Браун және шабуылшы Арминдо Зибтер енді мюнхендік клубтың намысын қорғайды. Венсан Компани жаттықтыратын футболшылар қазіргі таңда Ганконгта дайындық жұмыстарын пысықтап жатыр. Және бүгін ағылшындардың Астон Вилласымен жолдастық кездесу өткізеді. 22 тамыз күні Бавария Дортмунттың Боруссиясымен ел суперкубогын сарапқа салады. Ұлттық құрама сапында дүниежүзілік доп додасына қатысқан Луис Диас пен Мануель Нойер секілді жігіттердің демалысы аяқталып қатарға қосылды. Ал Дайо Упамекано мен Харри Кейндер келесі аптада келеді.
Жанкүйерлер Салахты асыға күтеді
Дәл қазір Трабзонспор фанаттарының қуанышында шек жоқ. Өйткені олардың сүйікті командасының сапына жұлдыз ойыншы Мохамед Салах қосылды. Сәрсенбінің кешінде Тарбзон қаласындағы Хюсейн Акер атындағы стадионда мысырлық футболшыны салтанатты түрде таныстыру рәсімі өтті. Бұл шараға түркиялық клубтың мыңдаған жанкүйері жиналды. Салахттың жасыл алаңда жасындай жарқылдаған кездері есімізде. Әсіресе Ливерпуль сапында голдан тау тұрғызған шабулшы қазір шау тартып қалды демесеңіз Трабзонспорды төрге сүйрейтін әліде қауқары бар. Рас, Салах Трабзонға тегін келді. Бірақ екі жылда 34 миллион еуро табыс табады. Жергілікті жанкүйерлер енді Египет футболшысын алаңнан көруге асық. Трабзонспор алғашқы ресми кездесуін 15 тамыз ұлттық біріншілікте Қасымпашаға қарсы өткізеді.