ҚР Қарулы күштерінің жауынгері UFC-де жеңіске жетті
Қазақстан Республикасы Қарулы күштері Арнайы операциялар күштерінің әскери қызметшісі, кіші сержант Дияр Нұрғожай Лас-Вегаста өткен UFC турнирінде бразилиялық спортшы Бруно Лопесті бірінші раундта техникалық нокаутпен тізе бүктірді, деп хабарлайды «24KZ».
Жартылай ауыр салмақта өнер көрсеткен Дияр Нұрғожай мен Бруно Лопес арасындағы кездесу тартысты өтті. Жекпе-жектің шешуші сәті алғашқы бес минуттың соңғы секундтарында орын алды. Жоғары қарқын мен жинақылықты сақтаған қазақстандық спортшы қарсыласына қысымды күшейтіп, нәтижелі шабуыл жасады. Төреші жекпе-жекті бірінші раундтың аяқталуына небәрі бір секунд қалғанда, яғни 4 минут 59 секундта тоқтатуға мәжбүр болды.
Бұл жеңіс Дияр Нұрғожайдың жоғары физикалық төзімділігін, психологиялық тұрақтылығын және барынша шиеленісті жағдайда да кәсіби шеберлігін сақтай алатынын тағы бір мәрте дәлелдеді. Мұндай қасиеттер арнайы мақсаттағы бөлімшелердегі әскери қызмет үшін аса маңызды, өйткені әскери қызметшіден жоғары кәсіби дайындық, тәртіп, ұстамдылық пен ерекше жағдайларда сенімді әрекет ету талап етіледі.
Еске салайық, бұған дейін де отандасымыз бразилиялық Рафаэль Тобиасты үш раундтың қорытындысы бойынша төрешілердің бірауызды шешімімен жеңген болатын. Жалпы алғанда, әлемдегі аралас жекпе-жек (MMA) бойынша ең ірі ұйымның турнирлерінде өнер көрсетіп жүрген спортшының еншісінде 12 жеңіс пен 2 жеңіліс бар.