Әлем чемпионы Хамза Шираз Жәнібек Әлімханұлына қатысты шешімі үшін WBO-ны айыптады

Фото: sports.kz

Супер орта салмақтағы әлем чемпионы Хамза Шираз Дүниежүзілік бокс ұйымының (WBO) қазақстандық Жәнібек Әлімханұлын міндетті үміткер ретінде белгілеу туралы шешімі спорттың адалдық қағидаттарына қайшы келеді деп мәлімдеді, деп хабарлайды 24KZ.

Британдық боксшы YouTube-тағы Ариэль Хельванидің арнасына берген сұхбатында Жәнібек Әлімханұлының допинг сынамасы оң нәтиже көрсеткеннен кейінгі дисквалификация мерзімін WBO-ның мерзімінен бұрын тоқтатып, екеуінің арасында жекпе-жек өткізу туралы шешімін орынсыз деп санайтынын айтты.

«Допинг сынамасының оң нәтиже көрсетуі – оң нәтиже болып қала береді. Оның алғаш рет болғаны немесе қайталанғаны маңызды емес. Біздің спортта адамдар өз өмірін қатерге тігеді. Боксшы ретіндегі намысым мен эгом: “Келіс, рингке шық та өз ісіңді жаса” дейді. Бірақ өзімді таза спортшымын деп санайтын адам ретінде мұндай жекпе-жекке келісу ұстанымдарыма қайшы келуі мүмкін екенін түсінемін. Шынымды айтсам, мені өте қиын жағдайға қойды», – деді Хамза Шираз.

Британдық әлем чемпионы WBO-ның Әлімханұлына қатысты шешімі түсініксіз екенін атап өтті.

«WBO-ның бұл әрекеті бокс үшін масқара. Негізінде олар допинг сынамасы оң нәтиже көрсеткен адамды марапаттап отыр. Менің ойымша, бұл – жемқорлық. Мұндай шешімдер қандай да бір байланыстарға, мүмкін жеке қарым-қатынастарға немесе соған ұқсас нәрселерге байланысты қабылданатын сияқты. Менің пікірім осы және одан бас тартпаймын», – деді Шираз.

Британдық боксшының бұл мәлімдемесіне жауап берген Жәнібек Әлімханұлы оған жекпе-жекке шығып, кімнің мықты екенін рингте дәлелдеуді ұсынды.

Ол неге жай ғана: "Кәне, жұдырықтасайық!" деп айтпайды? Менің түсінбейтінім осы. Бұл - спорт қой! Егер өзіңді чемпионмын деп есептесең, оны дәлелде. Рингке шық, мықтылармен айқас және бәріне шын мәнінде қабілетіңді көрсет. Подкастта отырып жыламай, рингке шық та, төбелес! – деп жазды Жәнібек Әлімханұлы Instagram парақшасында.