Бибісара Асаубаева «Cairns Cup» турнирінде қола жүлде алды

Бүгін АҚШ-тың Сеант-Луис қаласында әлемнің үздік шахматшылары бақ сынаған «Cairns Cup» турнирі аяқталды. 

Ел намысын Бибісара Асаубаева қорғап, 9 турдан кейін 5 ұпай жинаған жерлесіміз қола жүлдені қанағат тұтты. Бас жүлде қытай қызына бұйырса, америкалық гроссмейстер Элис Ли екінші орыннан көрінді. 

Кейн «Алтын бутса» иегері

Өткен маусымда голдан тау тұрғызған Харри Кейін екінші рет алтын бутса иегері атанды. Бұған дейін 2024-ші ағылшын футболшысы осы биіктен көрінген еді. Бұл – Еуропа елдерінің ішкі біріншіліктерінде сұрмерген ойыншыға берілетін УЕФА-ның дәстүрлі сыйлығы. Бундеслигада Баварияның намысын қорғайтын Харри Кейн өткен маусымда 36 гол соғып өзінің басты қарсыластары Эрлинг Холланд пен Киллиан Мбаппені шаң қаптырып кеткен болатын. Ағылшын футболшысы биыл команда ауыстырады деген сыбыстар шыққан. Алайда Кейннің әңгімесіне құлақ түрсек, биылда Бавария сапында биік белестерді бағындырғысы келетінін жасырмапты. Естеріңізге салайық, Харри  Кейн 2018 жылғы дүниежізілік доп додасында да алтын бутса алған еді. 

Месси 922-ші голын соқты

Кеше Лионель Месси спорттық мансабындағы 922-ші голын соқты. МЛС лигасының 21-ші турында Интер Майами Филадельфия алаңына қонаққа барып алаң иелерімен ұпай бөлісті. Индиана Вассилев есеп ашқан соң, араға 10 минут салып Даниель Пинтер таразы басын теңестірді. Әріптесіне әдемі пас шығара білген Месси артынша өзіде мергендік танытты. Алайда қонақтар жеңісті ұстап қала алмады. Екінші таймда қорғаушы Нил Пьер көзге түсіп қарсыластар 2:2 есебімен тең тарқасты. Матч соңына қарай алаңда жаға жыртысқан Янник Брайт пен Каван Салливанды төреші алаңнан қуды. 

«Айтем» алдына қара салмады

Ат бәйгесі десе делебеміз қозатыны анық. Кабирханның жеңісінен кейін таза қанды жылқылардың жарысынан да жаңалық күтетініміз рас. Кеше ағылшын жерінде осы жылдағы айтулы ат бәйгесі ұйымдастырылыпты. Жарыстың жүлде қоры бір жарым миллион еуроны құраған. 2 090 метрге созылған Juddmonte International Stakes додасында «Айтем» есімді тұлпардың бағы жанды. Негізі бұл қашықтықта талай бәйгелерде топ жарып жүрген «Ривер» мен «Алмагам» есімді сәйгүлік фоворит саналған. Сөреден шыққан бетте көш соңында жүрген «Айтем» мәреге тайған тұста тынысы ашылып, Алмагамның алдын орап кетті. Осылайша, бас жүлдеге тағайындалған 850 мың еуро ат иесі Эндрю Болдинге бұйырды. Арнайы жүлдені Ұлыбритания ханшайымы Камилла табыстады.  Шабандозы ирландиялық жокей Колин Киннің айтуынша 3 жасар жануар әйгілі «Франкель» есімді тұлпардың баласы екен. Осыған дейін ірілі-ұсақты төрт бәйгеде топ жарған сәйгүлік, енді міне, элиталық бәйге алдына қара салмады. Осылайша, «Айтем» 12 қыркүйек күні ағылшын жерінде өтетін айтулы бәйгеге жолдама алды.