Садақшылар Азия ойындарына дайын
Садақшылар Азия ойындары қарсаңындағы соңғы дайындық жұмыстарын
Алматы облысындағы Олимпиадалық даярлау орталығында пысықтап жатыр. Жапон жерінде ел намысын қорғайтын мергендердің есімі мәлім. Классикалық садақ атуда Ильфат Абдуллин мен Дәулеткелді Жаңбырбай және Дастан Кәрімовтар сынға түссе, блоктық садақ атудан Ақбарәлі Қарабаев пен Мұса Ділмұхамет және Андрей Тютиндер бақ сынайды. Қыздар арасында Медина Мұрат пен Александра Землянова және Самира Жұмағұловалар классикалық, ал Адель Жексенбинова мен Виктория Лян және Роксана Юнусовалар блоктық садақта додаға қатысады. Садақшылар үшін биылғы Азия ойындарының басты ерекшілігі алтын алған спортшы, Лос-Анджелес Олимпиадасының жолдамасына да иелік етеді. Мергендер санаулы күндерден кейін Оңтүстік Кореяны бетке алып, одан кейін Жапонияға жол тартады.
Велошабандоздар мәреге жете алмады
Велошабандоздардың дәстүрлі Вуельта көп күндігі үш күн бұрын басталған болатын. 21 кезеңнен тұратын бұл велобәйгенің жалпы ұзындығы 3275 шақырымды құрайды. Кеше үміткерлер Францияның Грюиссане мен Фон-Роме арасын жалғаған 174 шақырымды жүріп өтуі тиіс еді. Бірақ үшінші кезеңде спортшылар мәре сызығын кесіп өте алмады. Оған себеп ауа райының қолайсыздығы. Мәреге 17 шақырым қалғанда қатты жел тұрып жауын-шашынның соңы бұршаққа айналып велоспиедшілер жол бойындағы қонақ үйлердің қалқасын паналауға мәжбүр болды. Ұйымдастырушылар ақылдаса келе үшінші кезеңді тоқтатуды жөн санады. Осылайша екі кезеңнің қортындысы бойынша словениялық Тадей Погачар топ бастап келеді. Тур де Франс велобәйгесінің жеңімпазы енді Вуельтаның да бас жүлдесін қанжығасына байласам деп отыр.
Анхель атой салған күн
Бір кездері отыздан асқан ойыншылар жастардың көлеңкесінде қалып қоятын. Қазір қамал алар жасқа келіпте жасыл алаңда жарқылдауға болатынын Роналду бастаған жігіттер дәлелдеп жүр. Аргентинада 38 жастағы Анхель Ди Марияның көсілгенің көрдік. Класураның 6-турында қос голдың авторы атанған Ди Марияның әлі зейнетке шығатын ойы жоқ. Анхельдің командасы «Росарио» ойын барысында алаң иелерінен 0:2 есебімен ұтылып жатқан. Енді «Тальерес» тізгінді бере қоймас деген түсінік қалыптаса бастағанда Анхельдің Ди Мария атып шыға келді. Алдымен төреші белгілеген 11 метрден мүлт кетпеген ардагер футболшы кездесудің 63-минутында таразы басын теңестірді. Қортынды есеп 2:2. Сырт алаңда маңызды бір ұпайға қол жеткізген Росарио Сентраль турнир кестесінің 4-сатысында келеді.