Жауынгерлік өнер түрлерінен жабық ғимараттағы VI Азия ойындары 2027 жылға шегерілді

фото: olympic.kz

Азия Олимпиадалық кеңесі (АОК) 2026 жылы Сауд Арабиясының Эр-Рияд қаласында өтуі тиіс болған жауынгерлік өнер түрлерінен жабық ғимараттағы VI Азия ойындарының кейінге шегерілгенін ресми түрде жариялады, деп хабарлайды «24KZ» olympic.kz сілтеме жасап.

АОК пен Ойындарды ұйымдастыру комитетінің бірлескен мәлімдемесіне сәйкес жарыстар 2027 жылы 28 наурыз бен 8 сәуір аралығында өтеді.

Жаңа мерзім жергілікті ұйымдастыру комитетімен, Ұлттық Олимпиадалық комитеттермен және серіктестермен ақылдаса отырып бекітілді. Ойындарды кейінге шегеру жарыстар кестесін реттеуге және мүмкіндігінше көп елдің қатысуына мүмкіндік береді.

Түпкілікті шешім ұйымдастыру және логистика мәселелері қайта қаралғаннан кейін қабылданды.

Алдағы жарысқа 45 елден 4500-ден астам спортшы қатысады деп күтілуде.

Жауынгерлік өнер түрлерінен жабық ғимаратта өтетін VI Азия ойындары Сауд Арабиясында Азия Олимпиадалық кеңесінің аясында ұйымдастырылатын алғашқы мультиспорттық дода болмақ.

Ойындарды өткізуге қатысты қосымша ақпаратты ұйымдастырушылар кейінірек жариялайды.

Сондай-ақ оқыңыз: