Қазақстандық велошабандоздар Азия кубогында бес алтын медаль жеңіп алды
Таиландтың Бангкок қаласында тректегі велоспорттан ересектер мен жасөспірімдер арасындағы Азия кубогі аяқталды, деп хабарлайды 24KZ Ұлттық олимпиада комитетіне сілтеме жасап.
Жарыста Қазақстан құрамасы жасөспірімдер арасында 5 алтын, 3 күміс және 3 қола медаль иеленді.
Аружан Қабдулова із кесу және ұпай үшін жарыстарда топ жарды. Мансұр Бралин кейрин сайысында жеңімпаз атанды.
Командалық спринтте Зейнолла Азаматұлы, Илья Куварин және Мансұр Бралин алтын медаль жеңіп алды. Ал жекелей спринтте Илья Куварин үздік нәтиже көрсетті.
Күміс жүлдеге Аружан Қабдулова, Виталина Хоружая және Зейнолла Азаматұлы ие болды. Аружан Қабдулова скрэтчте, Виталина Хоружая ұпай үшін жарыста, ал Зейнолла Азаматұлы із кесуде екінші орын алды.
Қола медальдарды скрэтчте Виталина Хоружая мен Әлихан Жүнісов, ал жекелей спринтте Мансұр Бралин еншіледі.