Көшпенділер ойындары: Қазақстан құрамасы алғашқы күні қандай нәтиже көрсетті?
Бішкекте VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындары өтіп жатыр. Жарыстың алғашқы күнінде қазақстандық спортшылар бірнеше спорт түрінен бақ сынады, деп хабарлайды «24KZ».
Қырғыз Республикасында өтіп жатқан VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындары 31 тамызда басталды. Халықаралық дода 6 қыркүйекке дейін жалғасады. Қазақстан құрамасы жарыс бағдарламасына енгізілген 42 спорт түрінен 152 спортшымен қатысып жатыр.
Ойындардың ашылу салтанатында Қазақстанның мемлекеттік туын көкпардан әлем чемпионы, ұлттық құраманың капитаны Тұрғанбек Құрманбек алып шықты.
Жарыстың алғашқы күнінде қазақстандықтар ордо, тоғызқұмалақ, кураш, гореш және монгол бохы бойынша өнер көрсетті.
Тоғызқұмалақтан жарыс 6 қыркүйекке дейін жалғасады. Ал ордо бойынша ақтық бәсекелер бүгін, 2 қыркүйекте өтеді.
Күрес түрлерінен Қазақстан құрамасының өкілдері жүлдеге жете алмады. Кураштан Нұрдәулет Жарылғапов ирандық балуаннан жеңілді. Монгол бохтан Амангелді Ерасыл, горештен Мадияр Абдрахманов қарсыластарына есе жіберді. Осылайша аталған үш күрес түрінен қазақстандық спортшылар үшін жарыс аяқталды.
Бүгін, 2 қыркүйекте, Қазақстан құрамасы көкпар, көкбөрі, эр эңиш (аударыспақ), алыш, овари, мангала, тоғызқұмалақ, ат марафоны, ордо, құсбегілік, жамбы ату, дәстүрлі садақ ату, таяқ тарту, арқан тарту, сумо, стронгмен және омыртқа сындыру бойынша сынға түседі.
VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына 70-тен астам елден спортшылар қатысып жатыр. Жарыстар Бішкек пен Ыстықкөл облысында өтуде.
«24KZ» Telegram-арнасына жазылыңыз