Реалдың қарқыны күшті
Қырғызстанда өтіп жатқан Көшпенділер ойындарының кезекті жарыс күні Қазақ елінің қоржынына 5 алтын 3 күміс 8 қола жүлде түсті.
Аударыспақта Дарын Өткелбай мен Сырым Ізбасаров жеңімпаз атанса, самбода Сапар Болат қарсыластарының бәрін жықты. Арман Қошқаров құсбегілік сайысында бірінші орыннан көрінсе, арқан тартуда Қазақстан құрамасы топ жарды.
Бублик үшінші айналымда
Алькарастың арыны күшті дегенді айтқанбыз. Карлос теннис кортын әбден сағынып қалса керек, кеше де көсіліп ойнады. Жалпы испан теннисшісінің бұл жарысқа қатысуы екіталай еді. Қазір басты фавориттердің біріне айналды. Негізгі қарсыластары Янник Синнер жарақатына байланысты келе алған жоқ. Ал Джокович алғашқы айналымнан аса алмады. Бірінші кездесуінде Роман Сафиуллинді үш сетте қиналамай ұтқан Карлос Алькарас кеше Португалиялық Жайме Фариямен кездесті. 23 жастағы Фарияда ай сайын рейтингі жоғарылап келе жатқан жас таланттардың бірі. Тіпті кеше бірінші сетті өз пайдасына шешіп жанкүйерлерін желпінтіп қойған. Бірақ екінші сеттен бастап, Алькарастан айласын асыра алмады. Осынау жарыстың екі дүркін жеңімпазы саналатын Испан теннисшісінің уақыт өткен сайын қарқыны күшейе берді. Нәтижесі белгілі 4:6, 6:0, 6:3, 6:2 есебімен жеңіске жетіп, үшінші айналымға жолдама алды. Енді Алькарас қытай теннисшісі Ибинмен ширек финалдық жолдаманы сарапқа салады. Қазақстанның бірінші ракеткасы Александр Бублик еш қиындықсыз Француз Адриан Маннаринодан басым түсті. Келесі кезеңде Бублик корт иесі Томми Полмен кездеседі. Жеңіске жетіп жатса, Алькараспен жолы түйісуі әбден мүмкін.
Энрик Мас топ басында
Вуельта велобәйгесінің 11 кезеңі артта қалды. Жалпы есепте айтарлықтай өзгеріс жоқ. Қызыл жейдені Энрик Мас әзірше ешкімге берер емес. Естеріңізде болса, жалпы есептің көшін бастап келе жатқан Словениялық Тадей Погачар жарақат алып, жарыстан шығып қалған соң, тізгінді Энрик ұстаған болатын. Дегенмен Мас пен Примож Рогличтің арасын бар болғаны 1 минут 18 секунд қана бөліп тұр. 153 шақырымға созылған 11 кезеңде Британиялық Мэттью Брреннан мәре сызығын бірінші болып кесті. 21 жастағы велошабандоздың бұл осы жарыстағы үшінші жеңісі. Бұған дейін екінші және төртінші кезеңде топ жарған Бреннан алдағы күндері де олжалы болуды ойлайды. Вуельте 2026 велобәйгесі қыркүйектің 13-іне дейін жалғасады.
Реалдың қарқыны күшті
Қазір Реалдың айдарынан жел есіп тұр. Мадрит клубы маусым басталғалы қарсыластарына бет қаратар емес. Енді Бетис қайтер екен? Ертең Пеллегрини шәкірттері карольдік клубты қабылдайды. Моуриньо келгелі команданың ауызбіршілігі арта түсті дейді білетіндер. Тіпті жұлдыз ойыншылардың өзі жерге түсіп, жұмысқа кіріскен. Рас, Жозе бапкер жігіттердің жігерін жануды жақсы біледі. Тіпті 1-2 голға қанағат қылмай қазір ірі есеппен ұтуды мақсат қойса керек. Қазір Ла Лигада ұпайдан шашау шығармай келе жатқан Реал мен Барселона ғана. Бұл екеудің биылғы текетіресі сұрапыл болғалы тұр. Өйткені екі команда да трансфер уақытында біраз мықтыны жиып алды. Жұрт енді эль-классиконы тағатсыздана тосып отыр. Қос мықты тек қазан айында жолығады. Оған дейін турнир кестесінің тізгіні үшін тартыс жалғаса бермек.