«Барселона» бабында
Чемпиондар лигасының топтық кезеңі басталды дегенді айттық. Алғашқы күні айтарлықтай жаңалық бола қойған жоқ. Айдарынан жел ескен мықтылардың барлығы маңызды үш ұпайды қоржындарына салды.
Сәрсенбінің кешіне тағы алты кездесу жоспарланған. Камп Ноуда Барселона Роттердамның Фейеннордын қабылдайды. Каталониялықтар Ла лигадағы қарсыластарын қоғадай жапырып келеді. Маусымаралық үзілісте құрамын тәжірибелі ойыншылармен толықтырған Барселона нағыз бабында, бүгін қонақтарды қалпақпен ұрып алады деп болжайтындар көп. Бірақ алаң иелері Фейненордты осал деп ойласа қателеседі. Экс Барселона футболшысы Джованни Ван Бронхорст баптайтын Роттердам клубы өзіндік ойын үлгісі қалыптасқан Голландиядағы белді командалардың бірі. Маусым басталғалы әлі жеңілістің ащы дәмін татып көрген жоқ. Бүгінде үш ұпайды жайдан-жай бере салмасы анық. Жалпы статистикаға көз жүгіртсек екі команда жасыл алаңда екі-ақ рет жолыққан екен. Бір ойын тең аяқталса, Каталонияда Барса басым түсіпті. Одан беріде де 52 жыл уақыт өтіпті. Бүгінгі ойынға екі команда да тас-түйін дайынбыз деп отыр.
Тиджани төккен тер текке кетпеді
Арабтардың футболға деген қызығушылығы артып келеді. Клуб қожайындары трансфер уақтында қыруар қаржы жұмсап белді футболшылардың біразын жиып алды. Сәйкесінше бәсекелестік арта түсті. Қазіргі таңда кімнің топ жарарын дөп басып ешкім айта алмайды. Биылғы фавориттердің қатарына Аль-Кадисия клубы да қосылды. Олар кеше өз алаңында Аль-Ахли Джидданы қабылдап 3:2 есебімен жеңіске жетті. Осы ойында голландиялық Тиджанидің тепкен доптары түзу ұшып жатты. Тамыз аяқталар тұста Ман Ситиден ауысып келген Рейндерс, Аль-Кадисияны алға сүйреуге уәде берген болатын. Сөзінде тұрып, соңғы екі ойында керемет ойынымен көзге түсіп жүр. Кеше де алаң ортасында еркін көсілді. Есеп 3:0-ге жеткен соң алаң иелері сәл босаңдық танытып қонақтардың екі гол соғуына мүмкіндік беріп қойды. Одан әріге Аль-Ахди Джидданың шамасы жетпеді. Қортынды есеп 3:2. Аль-Кадисия Роналду командасын артқа тастап, турнир кестесінің екінші сатысына көтерілді.