Месси мен Роналду арасындағы бәсеке бітер емес

Қазір жанкүйерлерді кім бірінші голдарының санын мыңға жеткізеді деген сауал мазалайды. Сәрсенбі күні Криштиану Роналду Сауд Арабия біріншілігінің 6-шы турына 979-ші голына көрімдік сұрады.

Аль Наср өз алаңында Абханы қабылдап 2:1 есебімен жеңіске жетті. Осы ойында есепті Роналду ашты. Португалиялық футболшыға екінші рет гол соғатын мүмкіндік болған. Алайда доп қақпа бағанасынан қайтты. Айтпақшы Криштің футболдағы бәсекелесі Месси десек, Арегентина жұлдызы биылғы алтын допқа үміткерлердің қатарынан табылды. Ол тізімде Роналду жоқ. Дегенмен  Аль Наср шабулшысы мыңдық белеске бірінші болып жетем деп отыр. Енді Роналдуға  21 гол қалды. Ал Мессиге 87 гол керек.

Муайтайдан Косовоның Дечани қаласында өткен әлем чемпионатында Қазақстан құрамасы жалпыкомандалық есепте үшінші орыннан көрінді. 

Дүниежүзінің 80 елінен 600-ге жуық спортшы қатысқан додада жерлестеріміз 7 алтын 3 күміс 4 қола жүлде жеңіп алды. Өзге де спорт жаңалықтарын Жандос Айтбайұлы жеткізеді.

Қазақ баскетболының хәлі мүшкіл

Азия ойындарының ресми ашылуы 19 қыркүйекке жоспарланған. Алайда кейбір спорт түрлері бойынша сайыстар басталып та кетті. Кеше жарыс шымылдығын баскетболшылар ашқан болатын. Қазақстан құрамасы алғашқы кездесуін Қытаймен өткізіп, 61 де 99 есебімен ойсырай ұтылды. Жалпы біздің жігіттердің жеңілістен көз ашпай жүргеніне бірнеше жылдың жүзі болды. Еліміз егемендігін алғалы ұлттық құрамамыз не олимпиада не әлем чемпионатына бара алған жоқ. Тіпті құрлықтық жарыстардан да құры қол қайтып жүрміз. Ұлттық құраманы баптайтын Александр Лысяк осы жолы еліміздегі ең мықты деген жігіттерді жинадым деген болатын. Алайда олардың да шамасы белгілі болды. Сырттан қарасаң бойшаң жігіттер бізде де баршылық. Алайда ойлары мен ойындары мәз емес. Қазақстан құрамасы топтағы келесі ойынын ертең Филиппин құрамасына қарсы өткізсе, 14 қыркүйекте Байхрейнмен ойнайды.

Маркес Мексиканы баптайды

Мексикада мықты футболшылар жетіп артылады. Ұлттық құрамасының ойын өрнегі де керемет. Кез келген мықтыны аяқтан шалуға шамалары жетеді. Десе де құрлықтағы қарсыластарына қырғидай тигенімен дүниежүзілік доп додасында Ацтектер алысқа бара алмай жүр. 2002 жылдан бері жасыл жейделі футболшылар 1/8 ші финалдан аса алмапты. Осы олқылықтың орнын толтыру үшін ел футболының басшылары ұлттық құраманың тізгінін Рафаэль Маркеске сеніп тапсырды. Бұл есім футбол жанкүйерлеріне жақсы таныс. Әсіресе Барселона фанаттары тас қамал қорғаушыны бірден таниды. Маркестің бапкерлікке бет бұрғанына да біраз уақыт болды. Барселона жастарын жаттықтырып кейіннен ұлттық құрама бапкері Хавьер Агирренің көмекшісі болды. Енді міне тізгінді өз қолына алды. Рафаэль Маркестің мақсаты Мексиканы мундиальға апаруға ғана емес, доп додасында үздіктер қатарынан көріну. Сол үшін бар жиған тергенімді саламын деп отыр.  

Сондай-ақ оқыңыз: