Роналду «Аль-Насрды» алға сүйреді
Бүгін Еуропа Чемпиондар лигасының топтық кезеңі жалғасады, деп хабарлайды 24KZ.
Екінші турдағы ең тартысты ойындардың бірі Стамбулда жергілікті Галатасарай мен Барселона арасында өтеді деп болжайтындар бар. Билеттер бағасы қымбат болғанына қарамастан бүгін «Рамс Парк» стадионында ине шаншар орын болмайын деп тұр. Жаңа маусым басталғалы қарсыластарын ірі есеппен ірімей сойып жүрген «Барсаны» түріктер тоқтата ала ма? Галатасарайды жаттықтыратын Окан Бурук егер бүгінгі ойында тең түсіп жатсақ, біз үшін үлкен жетістік деп ағынан жарылыпты. Білікті бапкер біліп айтады. Қазіргі таңда каталондықтардың айдарынан жел есіп тұр. Әсіресе жартылай қорғанысы сұрапыл. Ала допты ұршықша иіретін жігіттерді тұсау үшін бүгін түріктерге шүмектеп тер төгуге тура келеді. Дегенмен, Галатасарай да қаражаяу емес. Рафаэль Леау мен Виктор Осимхен, Лерой Сане мен Илкай Гюндоган секілді жігіттер талай қырғынды көрген тәжірибелі футболшылар. Қызу қанды түрік фанаттары да 90 минут бойы тік тұрып алаң иелерін жеңіске жетелейтіні тағы бар. Сондықтан Барселона оңай олжаға кенеле салмасы анық.
Кэррик қызметінен кете ме?
Испанияның тағы бір азулы командасы Атлетико бүгін Мадридте Манчестер Юнайтедті қабылдайды. Соңғы уақыттары ала құла ойнап жүрген Ағылшын клубының премьер лигадағы жағдайы мәз емес. Бас бапкер Майкл Кэррикке де тықыр таянған секілді. Тіпті клуб басшылары Антонио Конте мен Пеп Гвардиолаға ұсыныс жасады деген ақпарат кезіп жүр. Расында Сэр Алекс Фергюссоннан кейін МЮ-ге бапкер құтаймай тұр. 10 жылдан бері бірнеше маман ауысты. Бірақ нәтиже жоқ. Өткен жылы үздік үштіктен көрінген Кэрриктен үміт күткендер көп еді, бірақ Майклдың да мықты емес екені біліне бастағандай. Маусымаралық үзілісте қыруар қаржы жұмсап, қалауынша командасын жасақтаған. Бірақ баяғы жартас сол жартас. Чемпиондар лигасының алғашқы турында Әзербайжанның Сабах командасын ұтқан Манчестерді бүгін нағыз сынақ күтіп тұр. Өйткені Диего Симеоне шәкірттеріне үш ұпай ауадай қажет. Испаниялық клуб Ливерпульге кеткен есені Манчестер Юнайтедтен қайтарамыз деп отыр.
Роналдудың жанкүйерлері кеше Азия чемпиондар лигасының ойынын тамашалады. «Аль Наср» өз алаңында Өзбекстанның «Нефтчи» командасын қабылдап маңызды үш ұпайды қоржынға салды. Португалиялық футболшы өз міндетін орындап, командасының жеңісіне үлесін қосты. Үлесі сол Анжело Габриэль есеп ашқан соң Криштиану да көзге түсіп, голдарының санын 981-ге жеткізді. Екінші таймда алаң иелері біраз босаңдық танытып, ойын тізгінін уыстан шығарып алды. Осы кезде алаңға тыңнан қосылған өзбек футболшылары белсене кірісіп, Алишер Одилов есеп айырмасын қысқартқан. Әп-әдемі ойынды Икром Алибаев құртты. Өте дөрекі ойнағаны үшін алаңнан қуылып, матч соңына қарай Анваржон Гафуров өз қақпасына гол соғып алды. Қортынды есеп 3:1.