Елена Рыбакина – US Open чемпионы
Әлемнің және Қазақстанның бірінші ракеткасы Елена Рыбакина US Open турнирінде беларусьтік Арина Соболенкомен кездесіп, тарихи жеңіске жетті. Үш сет қазақстандық теннисшінің пайдасына аяқталды.
Осылайша, Елена Рыбакина үшінші рет «Үлкен дулығаны» ұтып алды. Бұған дейін ол Wimbledon мен Australian Open турнирлерінде жеңімпаз атанды. Бұған дейін Рыбакина ширек финалдағы жеңісінен кейін әлемдік рейтингте бірінші орынға көтерілген болатын. Ал беларусьтік спортшы екінші сатыға төмендеді.
Ердана Ержанұлы, тілші:
- Артур Эш стадионындағы шешуші бәсеке алғашқы минуттардан-ақ тартысты өрбіді. Қос теннисші де қуатты соққылар мен жылдам ойынға басымдық берді. Алайда алғашқы сетте Рыбакина қарсыласының қарқынына төтеп беріп қана қоймай, шешуші сәттерде мүмкіндігін тиімді пайдаланды. Нәтижесінде алғашқы партия 6:4 есебімен қазақстандық теннисшінің пайдасына шешілді.
Раван, жарыс көрермені:
- Ойын өте ерекше өтті. Ұпайлар тең келіп, әр шабуыл шешуші сәтке айналған кездер көп болды. Сондайда Рыбакинаның психологиялық дайындығының мықты екеніне куә болдық. Берілмеді. Ал Сабаленка теннис добын сабалап жатса да, айласын асыра алмады.
Алайда екінші сетте Сабаленка қарымта қайтарды. Қысымды күшейтіп, 7:5 есебімен басым түсті. Бірақ шешуші үшінші сетте Рыбакинаның сабырлығы мен тұрақтылығы шешуші рөл атқарды. Ол қарсыласының қателіктерін ұтымды пайдаланып, ойынды толық өз бақылауына алды. Тура соңғы ұпайды аларда, арендағы жанкүйерлердің бірі «Алға, Елена» деп дауыстап жіберді.
Елена жарады, есепті 6:2-ге жеткізіп, Нью-Йорк төрінде еліміздің абыройын үстем етті.
Сашуад, жарыс көрермені:
- Рыбакина нағыз чемпионға лайықты ойын көрсетті. Бүкіл стадион куә. Тамаша ойын болды.
Гузман, жарыс көрермені:
- Елена Рыбакина менің сүйікті ойыншым Коко Гауфты жарыстан шығарып жібергенде, әттеген-ай деп ішім ашып еді. Бірақ бүгін тағы бір мәрте мықтылығын дәлелдеп, аренаны мойындатты.
Дәл сол аренада АҚШ-тың танымал жұлдыздары, спортшылары мен ықпалды тұлғалары да Еленаның жеңісіне куә болды. Әлемдік БАҚ-та қазақстандық теннисшінің жеңісі жайлы жарыса жазды. Ал Еленаның өзі жарыс соңындағы баспасөз конференциясында отандастырымызға былай деп жылы лебізін білдірді.
Елена Рыбакина, US Оpen чемпионы:
- Ең алдымен, маған қолдау білдіріп, сенім артқан барша жанға үлкен алғыс айтқым келеді. Елге барған соң, осы қуанышты сәтті мені қолдап, жарыстарымды тамашалаған барша қазақстандықпен, әсіресе балалармен бірге бөліскім келеді. Қазір теннис орталықтарына келіп, осы спортпен айналысқысы келетін жас өрендердің қатары көбейіп жатқанын көріп жүрмін. Меніңше, бұл – керемет құбылыс. Осындай үлкен жетістікті бүкіл ел болып бірге атап өтсек деймін.
Ердана Ержанұлы, тілші:
- Нью-Йорктегі жеңіс Рыбакинаның биылғы маусымдағы екінші Grand Slam титулы болды. Ал жалпы тәжірибесіндегі үшіншісі. Болашақта, бәлкім, төртінші әрі соңғы кубок, Франциядағы Роллан Гаррос жарысының жүлдесі де бұйырып қалар. Ал қазір Еленаны әлемдік рейтингтің ең биік сатысы күтіп тұр.
Авторы: Ердана Ержанұлы