Криштиану Роналду хет-трик жасады
Елена Рыбакина 2026 жылды Әлемнің бірінші ракеткасы ретінде аяқтайды. Қазақстандық теннисші Токиодағы турнирде жерлесі Юлия Путинцеваны ұтып, ширек финалға жолдама алды.
Демек маусымның көшбасшысы атағына мерзімінен бұрын қол жеткізіп отыр. Енді ол Жапониядағы жарыстан кейін 8-15 қараша аралығында АҚШ-та өтетін WTA турниріне қатысып, жылды қорытындылайды.
Жәмила Бақбергенова үздік бестіктен көрінді
Жәмила Бақбергенова Астанадағы Әлем чемпионатын үздік бестікте аяқтады. Отандасымыз қола медалді жапон қызымен сарапқа салып, жеңісті уысынан шығарып алды. Алма-кезек шабуылмен өткен кездесуде Жәмила қарсыласына есе жіберді. Қорытынды есеп – 4:6. Бақбергенова осыған дейін ересектер арасындағы Әлем чемпионатында 4 медаль еншілеген еді. Ол 72 келіде 3 рет Әлем чемпионатының ақтық сынында белдесіп, күміс жүлдегер атанды. Одан бөлек 2023 жылы 3-орыннан көрінді.
Ислам Байрамуков, ҚР Еңбек сіңірген спорт шебері:
- Жәмила мен сізге айтайын, тактикалық тұрғыда ұтылып қалды. Қолда тұрған қоланы өзі жіберіп қойды. Әттеген-ай! Жәмиланың өзінің қателігі. Мына жер дұрыс емес деп айтып отырдым.
Ризабек алғашқы айналымда ұтылды
Сондай-ақ еркін күрестен 97 келіде сынға түскен Ризабек Айтмұхан алғашқы айналымда ресейлік Садулаевқа жол берді. Есеп – 1:4. Бұл салмақта жапон балуаны Йошида мен америкалық Кайл Снайдер финалға шықты. Олар алтын медалді бүгін сарапқа салады. Айта кетейік, кеше Ислам Байрамуков 97 келіге болжам жасап, финалистерді дәл тапқан еді.
Ислам Байрамуков, ҚР Еңбек сіңірген спорт шебері:
- Финалдық кездесу. Йошида алып кетсе те таңғалмаймын.
Т.Орынбасар ел қоржынына қола медаль салды
Абу Дабиде басталған дзюдодан «Grand Slam» жарысында ел қоржынына алғашқы медаль түсті. Талғат Орынбасар 60 келіде қола жүлдегер атанды. Үшінші орын үшін өткен белдесуде қос қазақстандық күресті. Олимпиада чемпионы Елдос Сметов бұл жолы командаласына жол берді. Екеуі жартылай және ширек финалда сүрінді. Қола жүлде үшін белдесуде Талғат вазари ұпайымен алға шықты, кейін оған Елдос юкомен жауап берді. Нәтижесінде құраманың жас өкілі жеңімпаз деп танылды.
Талғат Орынбасар, «Abu Dhabi Grand Slam 2026» турнирінің жүлдегері:
- Жартылай финалда өте қателік жіберіп қойдым. Соның кесірінен финалға шыға алмай қалдым. Енді қателіктерді түзеп, келесі жарыстарда алтыннан алқа тағынамыз деп ойлаймын. Елдос ағаны көріп өскенмін. Сол кісімен бір татамиде белдесу үлкен мәртебе болды. Үлкен алғысымды айтамын Елдос ағаға.
Абу Даби жарысы – Олимпиадаға ұпай беретін дүбірлі доданың бірі. Бұл жерде жүлде еншілегендердің жалпы рейтингтегі орны жоғарылайды. Жарысқа еліміздің ерлер құрамасы атынан 7 дзюдошы аттанды. Бозкілемде 66 келіде Ғұсман Қырғызбаев пен Ақылжан Жұбатханов та белдесті. Алайда жүлделі орындарға іліге алмады.
Дастан Сәтпаев 6 апта алаңға шықпайды
Дастан Сәтпаев кемінде 6 апта алаңға шықпайды. Оған аяғынан алған ауыр жарақаты себеп. Қазақстан Ұлттық құрамасы мен Бернлидің шабуылшысы чемпионшип аясындағы соңғы матчынан кейін аяғын ауыртып алған. Кейін медициналық тексерістен өтіп, дәрігерлер 18 жастағы футболшының денсаулығына қауіп төндірмей, алаңға шығармау туралы шешім қабылдаған. Енді ол қараша айында Ұлттар лигасы мен чемпионшип аясында өтетін ойындарға қатыса алмайды.
Еске сала кетейк, Дастан қыркүйек айында да аяғынан жарақат алып, 1 айдан астам уақыт ойынға шықпаған еді.
Криштиану Роналду хет-трик жасады
Криштиану Роналду хет-трик жасап, мың гол межесіне жақындады. Саудия чемпионатының кезекті турында «Әл-Наср» өз алаңында «Әл-Холуд» клубын қабылдап, 5:3 есебімен жеңіске жетті. Португалиялық шабуылшы ойынның 66, 72, 81 минуттарында қарсылас қақпасына үш гол соғып, көзге түсті. Осылайша Роналду өз мансабында соғылған голдар санын 985-ке жеткізді. Ол өзіне мың гол соғамын деген меже қойған болатын. Соған жеткенде ғана футболмен қоштасады.