Азия ойындары: Қазақстан боксшылары Жапонияда бірлескен жаттығу өткізіп жатыр

Осы аптада Жапонияда Азия ойындарының алауы тұтанып, құрлықтың басты спорт додасы басталады. Бәсекеге 45 елден келген спортшылар 217 медаль жиынтығын сарапқа салады.

Қазақстан құрамасы сапындағы спортшылардың алды жарыс өтетін елге ертерек барып, жергілікті климатқа бейімделіп жатыр. Әсіресе шаршы алаңға шығатын боксшылардан жанкүйерлердің үміті зор. 

Осы аптада Азия ойындарының алауы жанып, жалауы желбірейді. Спортшылардың алды Жапон жерінде жүр. Ертерек барып жергілікті климатқа бой үйрету бұрыннан бар. Құрлықтың 45 елінен келетін үміткерлер 217 медаль жиынтығын сарапқа салады. Қазақ елі үміт артып отырған қыз-жігіттер көп. Солардың ішінде боксшыларға бәс тігіп отырғандар аз емес. Нұржан Насанов бастап барған жігіттер осы күндері бірнеше елдің боксшыларымен бірлескен оқу-жаттығу жиынын жүргізуде. Естеріңізге салайық құрлық додасында ел намысын ағайынды Махмұд пен Төрехан Сабырхан және Айбек пен Нұрбек Оралбай, сондай-ақ Оразбек Асылқұлов пен Сабыржан Аққалықовтар қорғайды. Спортшылармызға сәттілік серік болсын дейміз. 

Мыңнан озған мықтылар сайысы

Венгрия астанасы Будапешт қаласында жеңіл атлеттердің дүниежүзілік жарысы өтті. Бұл сынға кез келген спортшы қатыса алмайды. Нағыз жүзден жүйрік, мыңнан озған мықтылар ғана бақ сынайтын бәсеке. Яғни олимпиада немесе әлем чемпиондары сондай-ақ гаухартас лигасының жеңімпаздары мен әлемдік рейтингінің көшін бастап тұрған үздіктерге ғана шақырту беріледі. Жұрт алдымен қысқа қашықтықта құстай ұшатын ұшқырлар бәсекесіне жанкүйерлік етті. Рас, Усейн Болттың 2009 жылғы рекордын ешкім ауыздықтай алған жоқ. Бұл жолы америкалық желаяқтар алдына жан салмады. Ерлер арасында Кенни Беднарек мәре сызығын бірінші болып кессе, қыздар арасында Мелииса Джефферсон-Вуден жеңімпаз атанды. 400 метрде өткен жылы Токиода өткен әлем чемпионатында топ жарған Ботсвана елінің өкілі Келлин Кобинатшили әлі бабында екен, қарсыластарынан қара үзіп келді. Қыздар арасында Марилейди Паулино басты фавориттердің бірі болған. Доминикан елінің өкілі көпшілік сеніміне селкеу түсірмеді. Норвегиялық Йегер мен Ямайкалық Прайсты артқа тастап мәре сызығын бірінші болып кесті. 800 метрде Алжирлік Седжати Джамель чемпион атанса, қыздар сайысында Швейцария үкілеген Одри Верро оза шапты. Биылғы жыл Одри үшін  сәтті жыл десек те болады. Біраз уақыт бұрын Брюссельде Гаухартас лигасында бас жүлде алса, Бирмингемде Еуропа чемпионы атанған болатын. 8 метр 35 сантиметрді бағындырған Грекиялық Мильтиадис Тентоглу ұзындыққа секіруде ешкімге дес берген жоқ. Ал найза лақтыруда Харука Китагути жапония рекордын жаңартып қана қойған жоқ. Будпешттен бас жүлде алып қайтты. Сырықпен секіруде де спортшылар әлемдік  рекорттың қаймағын бұза алмады. Десе де 4 метр 90 сантиметр биіктікті бағындырған Америкалық Санди Моррис алтыннан алқа тақты.     

Коутиньо «Сантос» жейдесін киді

Футбол жанкүйерлеріне Филипе Коутиньоның есімі жақсы таныс. Кішкентай ғана сиқыршы деген лақап аты бар Бразилиялық аяқдопшы Еуропадағы жорығын аяқтап 2024-ші жылы отанына оралған еді. «Оған дейін Интер мен Ливерпуль, Барселона мен Бавария және Астон Вилла секілді азулы клубтардың сапында доп тепкен футболшы бар мүмкіндігін көрсете алмады», - дейді білетіндер. Десе де жеткен жетістіктері аз емес.  Өзі түлеп ұшқан Васко да Гама сапына қайта оралып бір жыл доп тепкен соң осы аптада Сантоспен келісім шартқа отырыпты. Ол жерде Бразилияның тағы бір жұлдызы Неймар бар. Бір жылдары ұлттық құрама сапында бірге ойнаған Коутиньо мен Неймар Бразилия құрамасымен Америка кубогын жеңіп алған болатын. Енді шау тартып қалған жігіттердің бастары тағы бірікті.

Сондай-ақ оқыңыз: