Үстел теннисі: Астанада WTT Star Contender турнирі басталды

Фото: gov.kz

Елордада үстел теннисінен WTT Star Contender Astana 2026 – President’s Cup халықаралық турнирінің ашылу салтанаты өтті. Мұндай жоғары деңгейдегі жарыс Қазақстанда алғаш рет ұйымдастырылып отыр, деп хабарлайды «24KZ».

Астана әкімдігінің мәліметінше, турнир 15-20 қыркүйек күндері Жақсылық Үшкемпіров атындағы Жекпе-жек сарайында өтеді. Байрақты бәсекеге әлемнің 29 елінен 160 спортшы қатысып жатыр. Жарыстың жалпы жүлде қоры – 300 мың АҚШ доллары.

Турнирдің ашылу салтанатына Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов қатысты. Министр елімізде үстел теннисінің қарқынды дамып келе жатқанын атап өтіп, ірі халықаралық жарыстарды өткізудің осы спорт түрін одан әрі өркендетудегі маңызына тоқталды.

«Бүгінде Қазақстанда 260 мыңнан астам адам үстел теннисімен айналысады, оның 10 мыңнан астамы – кәсіби спортшы. Спортшыларымыз халықаралық аренада еліміздің намысын абыроймен қорғап жүр. Сонымен қатар Қазақстан ірі спорттық жарыстарды өткізу ауқымын жүйелі түрде кеңейтіп келеді. 2024 жылы Астана Орталық Азия қалалары арасында алғаш рет Азия чемпионатын қабылдады. Ал 2027 жылы елімізде әлем чемпионаты өтеді. WTT Star Contender сериясындағы турнирді өткізу – Қазақстанның әлемдік үстел теннисіндегі орнын нығайту жолындағы тағы бір маңызды қадам. Бұл – спортшыларымыз үшін өз алаңында әлемнің үздік ойыншыларымен кездесіп, мол тәжірибе жинауға және шеберлігін шыңдауға берілген үлкен мүмкіндік», – деді Ербол Мырзабосынов.

WTT Star Contender Astana 2026 – President’s Cup турнирі World Table Tennis ұйымының ресми күнтізбесіне енгізілген. Жарыстың халықаралық құқық иесі – Халықаралық үстел теннисі федерациясының (ITTF) аясында жұмыс істейтін World Table Tennis ұйымы.

Жарысқа әлемдік үстел теннисінің жетекші өкілдері қатысуда. Олардың қатарында Қытай спортшысы Ван Иди, Франция өкілі Алексис Лебрен, германиялық Данг Цю мен Дмитрий Овчаров, словениялық Дарко Йоргич, сондай-ақ жапониялық Сацуки Одо мен Миу Хирано бар. 2015 жылғы әлем чемпионатының жекелей сындағы күміс жүлдегері Фанг Бо Nomad Table Tennis Academy құрамында Қазақстан атынан өнер көрсетеді.
Қазақстан атынан еліміздің жетекші спортшылары, соның ішінде жастар арасындағы әлем чемпионы Алан Құрманғалиев, Зәуреш Акашева және Сарвиноз Миркадырова сынға түседі.

Жарыс бес санат бойынша өтеді: ерлер мен әйелдер арасындағы жекелей сын, ерлер мен әйелдер арасындағы жұптық сын және аралас жұптық сын.

«24KZ» Telegram-арнасына жазылыңыз 

Сондай-ақ оқыңыз: