Ауыр атлетика: Қазақстандық студент Әлем чемпионатында рекорд орнатты

Фото: gov.kz

Қытайдың Нинбо қаласында ауыр атлетикадан өтіп жатқан Әлем чемпионатында М.Әуезов университетінің студенті Нұрғиса Әділетұлы әлем рекордын жаңартты, деп хабарлайды «24KZ». 

Қазақстан құрамасы сапында 95 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде өнер көрсеткен спортшымыз қоссайыс қорытындысы бойынша 399 келі көтеріп, Әлем чемпионатының күміс жүлдегері атанды.

Нұрғиса Әділетұлы – Мұхтар Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетінің ІІ курс студенті. Әлемнің үздік ауыр атлеттері бақ сынаған бәсекеде ол жұлқа көтеруде 182 келіні, серпе көтеруде 217 келіні еңсерді. Осылайша, қоссайыста 399 келі көтерген Нұрғиса Әділетұлы әлем чемпионатының күміс жүлдесін иеленді.

Сонымен қатар отандасымыз жұлқа және серпе көтеру жаттығуларының әрқайсысында зор нәтиже көрсетіп, әлем чемпионатының екі кіші күміс медалін де қанжығасына байлады.

Бұл – Қазақстан құрамасының биылғы Әлем чемпионатындағы алғашқы жүлдесі. Айта кетейік, биыл қыркүйек айында Нұрғиса Жапонияның Аичи және Нагоя қалаларында өткен жазғы Азия ойындарының күміс жүлдегері атанған болатын. Сол жарыста қоссайыс қорытындысы бойынша 394 келі (177+217) көтерген еді.

Сондай-ақ оқыңыз: