Самарқандта шахматтан 46-шы дүниежүзілік Олимпиада басталды

ЖИ

Өзбекстанның Самарқанд қаласында шахматтан 46-ші дүниежүзілік Олимпиаданың салтанатты ашылу рәсімі өтті. Биылғы беделді бәсекеге әлемнің түкпір-түкпірінен рекордтық 400 команда жиналды, деп хабарлайды «24KZ».

Ауқымды турнирде Open санат бойынша 208 команда, ал әйелдер арасында 192 команда чемпиондық атақ үшін сынға түседі. Турнирге әлемнің түкпір-түкпірінен мықты шахматистер қатысады. Атап айтқанда, жарыстың басты фавориттері қатарында америкалық гроссмейстерлер Фабиано Каруана, Уэсли Со және Ханс Ниманн, армян шахматшысы Левон Аронян, сондай-ақ алаң иелері - Өзбекстан құрамасының көшбасшысы Жавохир Синдаров бар.

Еске сала кетейік, 2024 жылы Мажарстанда өткен шахмат Олимпиадасында қазақстандық арулар тарихи табысқа қол жеткізіп, күміс жүлде иеленген болатын. Биыл да ұлттық құрамамыз әлемдік рейтингте 4-орынмен жарыс жолына шығып отыр.

Биылғы жарыста ел намысын мына спортшылар қорғайды:

Әйелдер құрамасы: Бибісара Асаубаева, Алуа Нұрман, Меруерт Камалиденова, Елназ Қалиахмет және Зарина Нұрғалиева.

Ерлер құрамасы: Денис Махнёв, Алдияр Аңсат, Жандос Ағманов, Даниял Сапенов және Сауат Нұрғалиев.

Әйелдер құрамасында бүгінде бәсекелестік өте жоғары. Бибісара, Алуа және Меруерт жас ерекшеліктеріне қарамастан, ең жоғарғы халықаралық деңгейде үлкен ойын тәжірибесіне ие. Елназ бен Зарина - біздің жас спортшыларымыз, бұл Олимпиадада өздерін лайықты көрсететініне сенімдіміз.

Өкінішке қарай, құрамға кейбір мықты шахматшы қыздар ілікпей қалды. Әсіресе, былтыр біздің құрама күміс жүлде жеңіп алған өткен Олимпиадада өнер көрсеткен Ксения Балабаеваның командаға енбей қалғаны өкінішті. Дегенмен, бұл жолы да әйелдер командасы жеңіс тұғыры үшін таласатынына сенімдімін, - деп есептейді Қазақстан шахмат федерациясының бірінші вице-президенті Дармен Сәдуақасов.