Лос-Анджелес Олимпиадасында «Қазақстан үйі» ашылуы мүмкін
Қазақстан Ұлттық Олимпиада комитетінің президенті Геннадий Головкин АҚШ-тың Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Джули М. Стаффтпен кездесті. Тараптар 2028 жылы Лос-Анджелесте өтетін Олимпиадаға Қазақстан құрамасының қатысуына дайындық мәселелерін талқылады, деп хабарлайды 24KZ.
Кездесуге Қазақстан ҰОК бас хатшысы Алимжан Ақаев пен АҚШ миссиясы басшысының орынбасары Дебора Робинсон да қатысты.
Тараптар Қазақстан мен АҚШ арасындағы спорт және дене шынықтыру саласындағы ынтымақтастықты одан әрі дамыту мәселесін сөз етті. АҚШ делегациясының өкілдері Қазақстанның халықаралық спорт аренасындағы белсенділігінің артып келе жатқанын атап өтіп, осы бағыттағы екіжақты байланысты кеңейтуге қызығушылық білдірді.
Кездесуде 2028 жылы Лос-Анджелесте өтетін Олимпиада ойындарына ерекше назар аударылды. Атап айтқанда, Қазақстан құрамасының визалық мәселелері талқыланды. АҚШ елшілігі қажетті қолдау көрсетуге дайын екенін білдірді. Сонымен қатар Олимпиада кезінде Лос-Анджелесте «Қазақстан үйін» ашуға байланысты ұйымдастыру және логистика мәселелерін шешуге атсалысуға ниетті екенін жеткізді.
Қазақстан ҰОК мен АҚШ елшілігінің өкілдері қазақстандық боксшылардың АҚШ-тағы спорт базаларында жақында өткізген оқу-жаттығу жиындарының нәтижесін жоғары бағалады. Тараптар екі ел спортшыларының қатысуымен АҚШ пен Қазақстанда бірлескен оқу-жаттығу жиындары мен спаррингтерді жүйелі түрде өткізуге қызығушылық танытты.
Қазақстан тарапы елде өтетін ірі халықаралық спорт жарыстарының қазіргі кестесі мен жоспарын таныстырды. Олардың қатарында алдағы әлем чемпионаттары мен Алматыда өтетін қысқы Азия ойындары бар. АҚШ елшілігінің өкілдері де ірі халықаралық спорттық іс-шаралар аясындағы ынтымақтастықты жалғастыруға қызығушылық білдірді.
Кездесу соңында АҚШ делегациясы спорттық дипломатияның Қазақстан мен АҚШ арасындағы байланысты нығайтудың маңызды құралдарының бірі екенін атап өтті. Сондай-ақ спорт және дене шынықтыру саласындағы бірлескен бастамаларды қолдауға дайын екенін растады.