Жәнібек Әлімханұлының WBO титулы үшін келесі қарсыласы белгілі болды
Жәнібек Әлімханұлы WBO нұсқасы бойынша суперорта салмақтағы бос тұрған әлем чемпионы атағы үшін даниялық Якоб Банкпен жұдырықтасады. Дүниежүзілік бокс ұйымы екі боксшының чемпиондық жекпе-жегін өткізу жөнінде келіссөз бастауға шешім қабылдады, деп хабарлайды 24KZ.
Бұған дейін қазақстандық боксшы чемпиондық белбеу үшін британдық Хамза Ширазбен кездесуі керек болған. Алайда Шираз жекпе-жектен бас тартып, WBO титулын босатты. Осыдан кейін ұйым бос қалған белбеу үшін Жәнібек Әлімханұлы мен Якоб Банк арасындағы кездесуді белгіледі.
Тараптарға келіссөз жүргізіп, жекпе-жек шарттарын келісуге 15 күн берілді. Келісім 2026 жылғы 7 қазан, сағат 16:00-ге дейін жасалуы керек. Егер осы уақытқа дейін ортақ мәмілеге келе алмаса, жекпе-жек өткізу құқығы промоутерлік саудаға шығарылады.
WBO ережесіне сәйкес, суперорта салмақтағы чемпиондық жекпе-жек үшін саудадағы ең төменгі ұсыныс сомасы 300 мың доллар болып белгіленген.
25 жастағы Якоб Банк кәсіпқой бокста жеңіліп көрмеген. Ол 20 жекпе-жек өткізіп, барлығында жеңіске жеткен. Оның 11 кездесуін нокаутпен аяқтаған. Даниялық боксшының WBO Global титулы да бар. Биыл ол бұрынғы әлем чемпионы Уильям Скуллды 12-раундта нокаутпен жеңген.