Екі боксшымыз Азиададағы финалда айқасады
Александр Коробов байдаркадан Жазғы Азия ойындарының қола жүлдегері атанды.
Ол слаломда есуден 94,48 ұпай жинап, үздік үштіктен көрінді. Артынша ұлттық құрама сапынан әйелдер арасында Анастасия Ананьева да қолаға қол созды, деп хабарлайды 24KZ.
Елдос Сметов пен Әбиба Әбужақынова дзюдодан Азия ойындарының финалдық кезеңіне өтті. 60 келіде басты фаворит саналатын отандасымыз алғашқы айналымдарда оңтүстік кореялық және моңғолиялық палуандарды жарыс жолынан шығарды. Жартылай финалда байырғы қарсыласы тайпейлік Ян Юнвейді вазари әдісімен ұтты. Енді ақтық кезеңде жапониялық Хаято Кондомен күреседі. Ал 48 келідегі Әбиба Үндістан мен Тайпей спортшыларын тізе бүктіріп, финалға шықты. Сондай-ақ 66 келідегі Ғұсман Қырғызбаев пен 52 келідегі Меруерт Сәрсенова қолаға таласады.
2 боксшымыз финалда айқасады
Төрехан Сабырхан Жазғы Азия ойындарының ақтық кезеңінде айқасады. Отандасымыз финалдық жолдаманы өзбекстандық Шавкатжан Болтаевпен сарапқа салып, айқын басымдықпен ұтты. Төрешілер бір ауыздан 5:0 есебін тіркеді. Одан бөлек жартылай финалға өткен қалған 3 боксшымыз қарсыластарына есе жіберіп, қолаға қол созды. Әуелі 51 келіде Алуа Балқыбекова вьетнамдық боксшымен кездесіп, ұтылып қалды. Қорытынды есеп 5:0. Артынша 75 келіде Наталья Богданова үндістандық Боргохайнмен тартысты жекпе-жек өткізіп, 2:3 есебімен есе жіберді. Ал ерлерден Махмұд Сабырхан 55 келіде Филиппин өкілімен жұдырықтасып, төрешілердің шешімімен ұтылды. Сондай-ақ кеше аса ауыр салмақтағы Айбек Оралбай финалға өткен болатын. Яғни 2 боксшымыз ақтық кезеңде айқасады.
Мейіржан мен Шамиль қолаға таласады
Грек-рим күресінен Мейіржан Шермағанбет пен Шамиль Ожаев Азия ойындарының қола медалі үшін сынға түседі. 67 келідегі Мейіржан жартылай финалда жапон спортшысынан ұтылса, 87 келідегі Шамиль финалдық жолдаманы қырғыз балуанымен сарапқа салып, жеңіліп қалды.
Қазақстан Словакияға есе жіберді
Футболдан Қазақстан құрамасы сырт алаңда ұтылып қалды. Ұлттар лигасы аясындағы матчта Словакиямен кездесіп, 2:1 есебімен жол берді. Ойынның бірінші таймы толықтай алаң иелерінің басымдығымен өтті. Қарсыластар толассыз шабуылдап, 26-шы минутта есеп ашты. Гол авторы - Лео Зауэр. Араға 9 минут салып, ұлттық құрама сапынан Рамазан Кәрімов таразы басын теңістіріп кетті. Ал 2-таймда Қазақстанның шабуылына қан жүгірді. Шкип шәкірттері допқа көбірек иелік етіп, қауіпті комбинациялар ұйымдастырды. Алайда ойынға нүкте қоятын футболшы табылмады. Көп ұзамай кездесудің 82-минутында словактар сапынан Давид Ганцко бұрыштамадан көтерілген допты голға айналдырды. Осылайша, Қазақстан сырт алаңда өткен 2 ойында тек 1 ұпай иеленді. Бұған дейін Фарер аралдарымен тең ойнаған болатын.