Азиада-2026: Юлия Путинцева қолаға қол созды
Ислам Евлоев грек-рим күресінен Азия ойындарының қола жүлдесі үшін күреседі. Отандасымыз ширек финалда жарыс қожайыны саналатын жапон балуанына 0:10 есебімен есе жіберді. Енді ол Астана уақытымен 14:55 те ирандық палуанмен үшінші орынға таласады. Одан бөлек, Демеу Жадыраев жұбаныш белдесуінде қырғызстандық Ақжол Махмудовқа жол берді.
Юлия Путинцева қолаға қол созды
Юлия Путинцева жазғы Азия ойындарының қола жүлдегері атанды. Қазақстандық теннисші жартылай финалда қытайлық Шуай Жангпен кездесіп, 0:2 есебімен есе жіберді. Алғашқы сетте 4:6, екінші сетте 2:6 есебі тіркелді. Айта кетейік, Юлия Путинцева ел тарихындағы жекелей сында жүлде алған бірінші теннисші ретінде тіркелді. Бұл Қазақстан қоржынына түскен 57-ші жүлде.
Нұржан Батырбеков финалда
Нұржан Батырбеков джит-джитсудан 69 келіде Азия ойындарының финалына шықты. Отандасымыз алғашқы айналымдарда оңтүстік кореялық, филиппиндік артынша сингапурлық спортшылардан басым түсті. Ақтық кезеңдегі қарсыласы енді анықталады. Сондай-ақ 62 келідегі Батырбек Абдулла қолаға таласады. Ол жартылай финалда Біріккен Араб Әмірлігінің споршысымен кездесіп, есе жіберді. Негізгі уақыт 2:2 есебімен тең аяқталса да төрешілер шабуылдағы белсенділігі үшін қарсыласын жеңімпаз деп таныды.
Бес дзюдошы татамиге шығады
Сәлден кейін Азия ойындары аясында дзюдодан жарыстың екінші күні басталады. Ел атынан 5 отандасымыз татамиге шығады. Алдымен 73 келіге дейінгі салмақта Бақытжан Әбдурахманов алғашқы айналымда жапон балуанымен белдеседі. Ал 81 келідегі Алмат Әділет қырғыз спортшысымен өзара мықтыны анықтайды. Әйелдерден 57 келі салмақта Дана Әбдірова Тайпей өкілімен күрессе, 63 келідегі Эсмигул Куюловаға жеребе сәтті түсіп, жарысты екінші айналымнан бастайтын болды. Онда Оңтүстік Кореялық балуанмен кездеседі. Сондай-ақ 70 келіде Ажар Асхат ширек финал жолдамасын Таиланд спортшысымен сарапқа салады.
«Барыс» сырт алаңда ұтылды
Астаналық «Барыс» сырт алаңда ұтылып қалды. Құрлықтық хоккей лигасы аясында Қазанның «Ак Барсымен» кездесіп, 4:1 есебімен жол берді. Елордалықтар алғашқы кезеңде бірінші болып есеп ашқан еді. Гол авторы – Логвин. Алайда екінші және үшінші кезеңдерде қарсыластар 4 шайба салды. «Ак барс» сапынан Кателевский мен Денисенко және Миллер мен Семенов бір-бір голдан соғып, көзге түсті. Сәйкесінше «Барыс» осымен үшінші ойын қатарынан жеңіліп отыр. Енді қазақстандық клуб қалған екі кездесуді сырт алаңда «Нефтехимик» пен «Спартакка» қарсы өткізеді.