Футбол федерациясының басшылығы жанкүйерлерге үндеу жасады
Отандық футболдағы сәтсіздіктер сериясынан кейін федерация басшылығы жанкүйерлерге үндеу жасап, жағдайды түсіндірді.
«Соңғы ойындағы нәтиже біз үшін мүлдем сын көтермейді. Біз мұны қалыпты жағдай ретінде қабылдамаймыз және Қазақстан ұлттық құрамасы мұндай төмен нәтиже көрсетпеуі тиіс деп санаймыз. Жанкүйерлердің ренішін толықтай түсінеміз және онымен келісеміз», – деді Қазақстан футбол федерациясының бас хатшысы Скотт Манн. Оның айтуынша, іріктеу кезеңі аяқталғаннан кейін ұлттық құраманың жұмысына толық талдау жасалады. Оның барысында команданың дайындығы, кадрлық шешімдер, жаттығу процесі, бапкерлер штабының жұмысы мен көрсеткен нәтижелері жан-жақты қаралады. Сонымен қатар талдау тек негізгі құраммен шектелмейді. 15-16,17,19 және U-21 жасқа дейінгі құрамалардың да даярлау жүйесін қайта қарамақ. « Бір ғана нәрсені айтқым келеді: біз мәселені көріп отырмыз, оған көз жұма қарамаймыз және оны шешу жолында тынымсыз жұмыс істейміз», деп сөзін түйіндеді Скотт Манн.
Жәнібектің титулды жекпе-жегі 2027 жылы өтеді
Қазақстандық Жәнібек Әлімханұлы мен даниялық Якоб Банк арасындағы WBO тұжырымы бойынша әлем чемпионы атағы үшін айқастың мерзімі белгілі болды. «The Ring» басылымының инсайдері Майк Коппинджердің айтуынша, кездесу 2027 жылдың қаңтар айына белгіленді. Бастапқыда орта салмақтағы бос тұрған чемпиондық белбеу сарапқа салынатын жекпе-жек биыл желтоқсанда өтуі керек болған. Тағы бір белгілі жайт, кездесу Дания астанасы Копенгагенде өтеді деп жоспарланып отыр. Айта кетейік, Жәнібек Әлімханұлы соңғы кездесуін 2025 жылдың сәуірінде Астанада өткізіп, француз Анауэль Нгамиссенгені нокаутпен жеңген болатын. Ал Якоб Банк соңғы жекпе-жегін 2025 жылғы 25 шілдеде Сауд Арабиясының Жидда қаласында өткізіп, британдық Павел Августыникті жеңді.
Дзюдодан әлем чемпионаты жалғасып жатыр
Аруна Жангелдина татамиге шығады. Әзербайжан астанасы Баку қаласында жапон жекпе-жегінен жылдың басты жарысы әлем чемпионаты жалғасып жатыр. Бүгін жарыстың алтыншы күні. Қазақстан құрамасынан әйелдер арасында 78 келіге дейнігі Аруна Жангельдина бақ сынайды. Ол алғашқы айналымда финляндиялық Эмма Крапумен белдеседі. Іріктеу кезеңдері біздің уақытпен 11:30-да, финалдық кезеңдер 19:00-де басталады. Айта кетейік, әзірге қоржынымызда бір күміс бар. Оны алғашқы жарыс күні 60 келідегі Шерзад Давлатов жеңіп алды. Бакудегі әлем чемпионатының өзі 11 қазанға дейін жалғасады.