Денис Тенді еске алуға арналған турнирдің жүлдегерлері марапатталды
Алматыда Олимпиада жүлдегері Денис Тенді еске алуға арналған Memorial challenge 2026 халықаралық мәнерлеп сырғанау турнирі аяқталды. Айтулы жарыс биыл сегізінші рет ұйымдастырылды. Сенбі күні жекелей сын мен мұздағы би сайыстарының жеңімпаздары анықталды, деп хабарлайды 24KZ.
Биылғы турнирге әлемдік деңгейдегі спортшылармен қатар, танымал бапкерлер де келді. Олардың қатарында Алексей Мишин, Елена Водорезова және Этери Тутберидзе бар. Мамандардың сөзінше, мұндай халықаралық жарыстар елдің спорттық имиджі үшін аса маңызды және жас спортшыларға зор мүмкіндік береді.
Манас Бекташов, мәнерлеп сырғанау жаттықтырушысы:
– Менің осында Денис Теннің жарысына қатысып жатқан бір спортшым бар. Ол 14 спортшының арасынан төртінші орын иеленді. Енді алдағы уақытта біраз жұмыс жасайтын боламыз. Барлық спортшылар көрініп тұр үлкен дайындықпен келген.
Халықаралық турнирге 25 елден келген 150-ге жуық спортшы қатысты. Қазақстан атынан Диас Жиренбаев, Софья Самоделкина өнер көрсетті. Жарыс қорытындысы бойынша Софья Самоделкина жүлделі үшінші орынға ие болды.
Софья Самоделкина, VIII Denis Ten Memorial Challenge турнирінің қола жүлдегері:
– Еркін бағдарламамды бастағанда көрерменнің қатты қолдауынан, алғашқы музыкалық екпінді өткізіп ала жаздадым. Олар өте қатты айқайлап қолдау көрсетті. Бұл мәнерлеп сырғанаушылар үшін маңызды.
Турнирдің жабылу салтанатында көрерменге гала-шоу ұсынылады. Онда француздық мәнерлеп сырғанаушы әрі акробат Мари Пьер Лере мен Еуропа чемпионы Дмитрий Алиев өнер көрсетеді.
Авторлары: Бекзат Үшкемпір, Әбен Нарымбаев.