Қазақстандық шпагашылар Мароккодағы әлем кубогы кезеңінде алтын алды

Семсерлесуден Әлем кубогы кезеңінде алтын медаль иеленген Қазақстанның ерлер құрамасы бүгін елге оралды. Жарыс Марокконың Касабланка қаласында өтті. Олар турнирге әлемдік рейтингте үшінші орында тұрған команда ретінде қатысты, деп хабарлайды 24KZ.

Қазақстандықтар командалық сайыста бес кездесудің барлығында жеңіске жетті. Шешуші бәсекеде Ресейді 45:40 есебімен тізе бүктірді. Жарыста спортшылар жаңартылған құраммен өнер көрсетті. Әлем чемпиондары Кирилл Проходов пен Вадим Шарлаимовпен бірге Александр Федотов пен Кирилл Павлов алтын медаль тақты. Бапкерлердің айтуынша, құрамдағы өзгеріс спортшыларға түсетін жүктемені оңтайлы бөлуге себеп болған. Спортшыларды Алматы әуежайында жанкүйерлері мен туған-туыстары қарсы алды. Енді команда Швейцария мен Канадада өтетін Әлем кубогының келесі кезеңіне дайындалады. Оған қоса, халықаралық оқу-жаттығу жиындары жоспарланған.

Вадим Шарлаимов, семсерлесуден әлем кубогы кезеңінің жеңімпазы:

– Шынымды айтсам, маусым айында өткен Азия чемпионатынан кейін айтарлықтай демалған жоқпыз. Осы маусымдағы алғашқы әлем кубогы кезеңі біз үшін өте сәтті өтті. Бәрі де өте жақсы дайындықпен келген. Ең тартысты кездесу әлемнің 23 дүркін чемпионы атанған Франция құрамасымен өткен жартылай финалда болды. Біз оларды жеңдік. Ал финалда мықты деген Ресей құрамасынан басым түстік.

Сондай-ақ оқыңыз: