Астанада күрес түрлерінен әлем чемпионаты басталады

Ертең Астанада күрес түрлерінен әлем чемпионатының жалауы ресми түрде желбірейді. Байрақты бәсекеге 135 елден мыңнан астам спортшы қатысады. Арасында әлем чемпионаттары мен олимпиада ойындарының бірнеше дүркін чемпиондары мен жүлдегерлері бар. Қазір олар жарыс алдындағы соңғы оқу-жаттығу жиынын өткізіп жатыр, деп хабарлайды 24KZ.


Мерей Қанапия, тілші:

– Астанада өтетін әлем чемпионаты алдындағы халықаралық оқу-жаттығу жиыны жоғары деңгейде өтіп жатыр. Дәл осы дайындыққа қатысқысы келетін 50 шақты елден өтініш келіп түскен. Олардың арасында АҚШ, Моңғолия, Куба, Әзербайжаннан келген мықты балуандар бар.

Спортшылардың оқу-жаттығу жиыны аяқталуға жақын. Күн сайын 370 балуан әлем чемпионаты алдында физикалық дайындығын пысықтап, тактикалық шеберлігін шыңдап жатыр. Яғни грек-рим, еркін және әйелдер күресі спортының бір парасы Астанаға 10 күн бұрын келіп, халықаралық жаттығуды бастап кеткен болатын.

Луис Орта Санчес, Олимпиада ойындарының чемпионы:

– Әлем чемпионаты – өте маңызды жарыс. Астанаға әдейі ерте келіп, қарсыластарымның күресу мәнерін зерттеп жүрмін. Өзім 67 келіде белдесемін. Бұл салмақта бәсекелестік өте жоғары. Әзірге дайындық, жаттығу барысы көңілімнен шығып жатыр. Қазақстан тарапы бізді ерекше сыйластықпен күтіп алды.

Әлем чемпионатында күрестің 3 түрінен 30 салмақ дәрежесінде медальдар жиынтығы сарапқа салынады. Ел атынан 35 отандасымыз белдеседі. Грек-римнен 13, еркін күрестен 12, әйелдерден 10 спортшы боз кілемге шығады. Олардың арасында Айдос Сұлтанғали, Нұрқожа Қайпанов, Ризабек Айтмұхан, Жәмила Бақбергенова сынды танымал балуандарымыз бар.

Жандос Сайханов, Қазақстан күрес академиясының директоры:

– Біздің ұлттық құрама қазір Шымкенттегі «Алма-Тау» базасында дайындалып жатыр. Олар Бахрейн мен Болгариядан келген балуандармен бірге жаттығуда. Олардың арасында Олимпиада чемпиондары да бар. Грек-рим күресінен ұлттық құрама Щучинскіде дайындалып жатыр. Әлем чемпионатына 1-2 күн қалғанда Астанаға келіп, осы жерде жаттығуын жалғастырады. Қыздарымыз Алматыда дайындалып жатыр.

Әлем чемпионаты 24 қазанда басталып, 1 қарашаға дейін жалғасады. Ашылу рәсімі ертеңге жоспарланған. Жарыс «Барыс Арена» спорт кешенінде өтеді.

Авторлары: Мерей Қанапия, Ғалымжан Абдулахат

Сондай-ақ оқыңыз: