Дзюдошы Т. Орынбасар Grand Slam турнирінде қола медаль ұтты

Бүгін Абу Дабиде басталған дзюдодан «Grand Slam» жарысында ел қоржынына алғашқы медаль түсті.

Талғат Орынбасар 60 келіде қола жүлдегер атанды. Үшінші орын үшін өткен белдесуде қос қазақстандық күресті. Олимпиада чемпионы Елдос Сметов бұл жолы командаласына жол берді. Екеуі жартылай және ширек финалда сүрінді. Қола жүлде үшін белдесуде Талғат вазари ұпайымен алға шықты, кейін оған Елдос юкомен жауап берді. Нәтижесінде құраманың жас өкілі жеңімпаз деп танылды.   

Талғат Орынбасар, дзюдошы, "Abu Dhabi Grand Slam 2026" жүлдегері:

- Жартылай финалда қателік жіберіп қойдым. Соның кесірінен финалға шыға алмай қалдым. Енді қателіктерді түзеп, келесі жарыстарда алтыннан алқа тағынамыз деп ойлаймын. Елдос ағаны көріп өскенмін. Сол кісімен бір татамиде белдесу үлкен мәртебе болды. Үлкен алғысымды айтамын Елдос ағаға. 

Абу Даби жарысы Олимпиадаға ұпай беретін дүбірлі доданың бірі. Бұл жерде жүлде еншілегендердің жалпы рейтингтегі орыны жоғарылайды. Жарысқа еліміздің ерлер құрамасы атынан 7 дзюдошы аттанды. Бүгін бозкілемде 66 келіде Ғұсман Қырғызбаев пен Ақылжан Жұбатханов та белдесті. Ғұсман жетінші орыннан көрінді.

Сондай-ақ оқыңыз: