Қазақстандық садақшылар әлем чемпионатында топ жарды

Оңтүстік Кореяда қазақстандық мергендер салтанат құрды. Ульсанда өткен әлем чемпионатында біздің спортшыларымыз үздік атанды. Турнирге 38 елден 700-ге жуық спортшы қатысты, деп хабарлайды 24KZ.

Құрамамыздың қоржынында 4 алтын, 2 күміс және 2 қола медаль бар. Астаналық 22 жастағы Айкөркем Батихан бірден садақ атудың екі түрінен үздік шықты.

Айкөркем Батихан, Дәстүрлі садақ атудан әлем чемпионы:

– Бүгінгі әлем чемпионатында жамбы нысанасы бойынша бірінші орын алдым, және пута нысанасы бойынша екінші орын алдым. Ал былтыр болғанда, осы жамбыдан үшінші орын алып кеткен едім. Сол кезде қалайда алтын алам деп өзіме уәде беріп, биыл сол алтын бұйырыпты. Көз жақсы көру керек, және психологиялық тұрғыдан өзің стабильно болуың керексің. Егер сен сәл оқтың тимей қалуына ашуланып немесе уайымдық кететін болсаң, онда бүкіл дайындығыңның бәрі бекерге кеткен. Сол себептен көбірек психологиялық тұрғыдан дайындық керек.

Владислав Цой, тілші:

Дәстүрлі садақ атудан әлем чемпионаты – бұл тек спорттық жарыс қана емес, сонымен қатар турнирге қатысушы әр елдің мәдениетімен танысу мүмкіндігі. Себебі ережеге сәйкес, спортшылар жарысқа өздерінің ұлттық киімдерімен қатысуы тиіс. Тағы бір ерекшелігі – садақ пен жебе ежелгі замандағыдай нағыз ағаштан жасалуы керек. Ең сапалысы да сол талдан жасалған садақ болып саналады. Қазақстандық садақшылар да дәл осындай садақтарды пайдаланады.

Дәстүрлі садақ атудан әлем чемпионатының Ульсанда өтуі кездейсоқ емес. Мұнда осы спорт түрі бойынша Дүниежүзілік федерацияның штаб-пәтері орналасқан.

Чон Джин Ик, Ульсан қаласы Дәстүрлі садақ ату федерациясының президенті:

– Бұл жарыстың Ульсанда өтіп жатқан себебі – мұнда садақ бейнеленген петроглифтер табылды. Олардың тарихы шамамен 7 мың жылды құрайды. Бұл спортпен кезінде патшалар мен ақсүйектер айналысқан. Қазір бүкіл Корея бойынша 100 мыңға жуық адам бұл спортты әуесқой ретінде серік етсе, Ульсанның өзінде мыңға жуық садақшы бар.

Ким Чан Сун, Дүниежүзілік дәстүрлі садақ ату федерациясының президенті:

– Корея федерациясының құрылғанына 107 жыл болды. Біз Дүниежүзілік дәстүрлі садақ ату федерациясын құрдық. Мақсатымыз – осы спорт түрін ауқымды ету. Садақ ату Олимпиада және Азия ойындарының бағдарламасына енуі үшін шетелдік спорт ұйымдарын қолдау көрсетуге шақырамыз.

Кейінгі жылдары Қазақстан құрамасы әлемдік біріншіліктерде жүлделі орындардан көрініп жүр. Оның үстіне тек спорттың өзі ғана емес, құрал-жабдықтар өндірісі де қарқынды дамып жатыр.

Диас Ахметов, ҚР Дәстүрлі садақ атудан ұлттық құрамасының бас бапкері:

– Дүйсен Абдулла бүгін 3 алтын алған жігіт жергілікті атыраулық ұстадан жасалған садақпен атып жүр. Бұл да бір үлкен жақсы бір көрсеткіштер, өйткені Қазақстан елінде біраз ұшып қалды ондай өнер, ұсталық. Қазіргі таңда қатты қайтып жаңғырып жатқаннан кейін сондай ұсталықтар қайтып жаңғырып жатыр. Тура сол оқ жасау, тура сол садақтың өзін жасау ұсталықтар ашылып жатыр.

Қазақстанда дәстүрлі садақ ату өнері бұқаралық сипат алып келеді. Бұл спорт түрімен 30 мыңға жуық адам айналысады, оның 5 мыңы – кәсіби спортшылар.

Авторлары: Владислав Цой, Ольга Лян

Сондай-ақ оқыңыз: