Астанада конкурдан ел чемпионаты өтіп жатыр
Астанада конкурдан ел чемпионаты басталды.
Ат бәсекесінде балалар, жасөспірімдер және жастар бақ сынап жатыр. Олар үш жас санатында өзара мықтыны анықтайды.
Шернияз Жалғасбекұлы, тілші:
- Астанадағы Арғымақ атшабарынан сөйлеп тұрмыз. Бас қалада конкурдан ел чемпионаты басталып, бәсекенің шымылдырығы әнұранмен түрілді. Дүбірлі додаға елдің әр аймағынан жиналған 30-ға жуық спортшы қатысып жатыр. Жарыс жолына алғаш болып 12 мен 14 жастағы балалар шықты. Олар 100 см-лік кедергіні еңсерді.
Аделя Қайыржан, қатысушы:
- Менің екі атым бар. Төрт жасар Гран Классико және 13 жастағы Форвард. Қазір Форвардпен жарыстарға қатысып жүрмін. Мен үшін екеуміздің бірге жүріп өткен жолымыз, бірге еңсерген белестеріміз жеңіс деп ойлаймын. Бұл спорт түрімен айналысу арқылы сен жаңа дағдыларды меңгересің. Күш-қуатыңды, ерік-жігеріңді шыңдайсың, жан-жақты дамисың.
Шернияз Жалғасбекұлы, тілші:
- Кейін жарысты жасөспірімдер жалғастырды. Оларға қойылған тапсырма 110 см болатын кермеден секіру. Ал чемпионаттың алғашқы күнін юниор санатындағы қатысушылар қорытындылады. Олар 120 см-ге секіру бойынша бақ сынады.
Медет Мәулетбек, конкурдан Алматы облысы құрамасының бас бапкері:
- Шабандозды ғана емес атты да адам секілді дайындаймыз. Оның өзінің питаниясы бар, тамағы бар, тренировкасы бар, гимнастикасы бар дегендей, витаминдері бар. Ат спорты бұл бүгін келіп, ертең жарысқа шығып кететін спорт емес. Біз кішкентайынан ат пен баланы дайындаймыз. Жылдап, айлап оларды қараймыз, отырғызамыз, үйретеміз.
Шернияз Жалғасбекұлы, тілші:
- Иә, конкур жеке дара өнер көрсететін спорт. Дегенмен, шабандоз бен аттың өзара түсінісуі маңызды. Биылғы жылдың басты бәсекесі ертең де жалғасын табады. Осы үш жас санаты бойынша спортшылар жүлделерді саРапқа салады. Тек кедергілер қиындап, кермелер 10 см-ге жоғарылайды. Ал үздік шыққан өрендер конкурдан Қазақстан ұлттық құрамасының сапына алынады.
Авторлары Шернияз Жалғасбекұлы, Абдулхамит Бөлекбаев