Алматыда таэквондодан ел чемпионаты өтіп жатыр

Алматыдағы Балуан Шолақ спорт сарайында таеквондодан ұлттық біріншілік жалғасуда.

Жарыстың бірінші күні ерлер арасында екі салмақта  жеңімпаз бен жүлдегерлер есімі анықталды. 54 келіде ел чемпионы атанған Еркебұлан Еңсегеновке ел құрметі ерекше болды. Алматылық спортшы өзіндік ұрыс өнерімен көзге түсіп, қарсыластарын қоғадай жапырды. 58 келі салмақта жергілікті спортшы жеңіске жетті. Дәлірек айтсақ, іріктеу кезеңінде ірілік танытқан Нұрәлі Махмұт финалда жерлесі Марғұлан Маратұлынан айласын асырып кетті. Ал қыздар арасында Жамбыл облысының намысын қорғаған Нұрайым Жұмабек 49 келі салмақта, ал түркістандық Назым Махмұтова 73 келіде алтыннан алқа тақты. Сондай-ақ Ақтөбе облысынан келген Ақсәуле Ерқасымова 73 келіден жоғары салмақта Қазақстан чемпионы атанды.

Рамазан - қола жүлдегер

Сенегал астанасы Дакар қаласында өтіп жатқан жасөспірімдер Олимпиадасынан жағымды жаңалық  жетті. Қазақ ұлы Рамазан Әйнегов триатлоншылар сайысында 53 минут 27 секунд нәтижесімен қола жүлдеге қол жеткізді. Бас жүлде Португалия өкілі Артур Гашпарға бұйырса, Люксембург спортшысы Эмиль Ванолст күміс жүлдеге иелік етті. Жүлделі орыннан жапон спортшысының да дәмесі болған. Алайда мәреге таяған тұста Рамазан намысқа тырысып, қарсыласын қапыда қалдырды. Естеріңізге салайық бұған дейін дзюдошы Фатима Сұпығалиева Қазақстан қоржынына қола салған болатын. 

Жасөспірімдер Олимпиадасы

Жасөспірімдер Олимпиадасы 13 қарашаға дейін жалғасады. Қазақ елінің ұл-қыздары әлі жеңіс тұғырынан көрінеді деген үміт басым. Кеше жағажай волейболынан жеңімпаздар белгілі болды. Қыздар арасында голландиялық Яра Бот пен Матильда де Гроот жұбы финалда 2:1 есебімен Италия құрамасынан басым түсіп, жасөспірімдер Олмпиадасының чемпионы атанса, швейцариялық өрендер қоланы қанағат тұтты. Ерлер арасында австриялықтар сенсация жасады. Пауль мен Мартин жұбы финалда жарыстың басты фавориті саналған неміс волейболшыларын сан соқтырып кетті. Австралиялық Райан Эдгар мен Томас Тернер үшінші орыннан көрінді. Ал осы сайыста Қазақстан намысын қорғаған Оразалы Сағыныш пен Әлихан Ағабек жұбы 1/8 финалда Иран құрамасынан ұтылып қалған еді.

Сондай-ақ оқыңыз: