Қазақ ұлттық спорт университетінде киберспорт мамандары да даярланады

фото: ЖИ

Қазақ ұлттық спорт университетінде спортшылардың физикалық мүмкіндігін зерттеп, жарақаттың алдын алуға және оңалтуға бағытталған ғылыми жұмыстар жүргізіледі. Оқу орнында киберспорт мамандарын даярлау бағдарламасы да ашылған. Университеттің мақсаты – тек кәсіби спортшыларды емес, спорт саласының менеджерлері мен жаңа буын көшбасшыларын қалыптастыру. Бұл туралы Қазақ ұлттық спорт университеті Әлеуметтік тәрбие жұмысы департаментінің директоры Шыңғыс Қаратай 24KZ телеарнасына берген сұхбатында айтты.

Маманның сөзінше, университеттің жаңа кампусы 2026 жылы пайдалануға берілген. Оқу орны бес жылдан бері спорт саласына қажетті кадрларды даярлап келеді. Мұнда әлем және Азия чемпионаттарының жүлдегерлері мен түрлі халықаралық жарыстарға қатысқан спортшылар білім алады.

Университеттің басты ерекшеліктерінің бірі – спорттық инфрақұрылым мен ғылыми зерттеулерге басымдық беру. Арнайы зертханаларда спортшылардың физикалық жағдайы, белгілі бір спорт түрімен айналысу мүмкіндігі және жаттығу кезіндегі жүктемені көтеру қабілеті зерделенеді. Сонымен қатар жарақаттың алдын алу және одан кейінгі оңалту жұмыстары жүргізіледі.

Зертханаларда спортшылардың жалпы жағдайын зерттейміз. Олардың белгілі бір спорт түрімен айналысуға қаншалықты мүмкіндігі барын, қандай жүктемені көтере алатынын анықтауға болады. Сондай-ақ жарақаттың алдын алу және одан кейін қалпына келтіру бағытында жұмыс істейміз. Әр адамның жас ерекшелігіне қарай дене шынықтырумен айналысу мүмкіндігін де қарастырамыз, – деді Шыңғыс Қаратай.

Университетте спорттық оңалту жеке білім беру бағдарламасы ретінде оқытылады. Бұл бағыт спортшылардың жарақаттан кейін қалпына келуіне ғана емес, оның алдын алуға да мән береді. Сондай-ақ спорттық жүктеме кезінде жұмсалатын энергия мен ағзаның қажеттіліктерін ескеру маңызды.

Оқу орнында халықаралық ынтымақтастық та жолға қойылған. Франция, Бельгия, Венгрия және Оңтүстік Корея университеттерімен келісімдер жасалып, қос дипломды бағдарламалар жұмыс істеп жатыр. Университет өкілдері Еуропаның ғылыми орталықтарымен де бірлескен жобаларды жүзеге асыруда.

Білім алушылар бакалавриат, магистратура және докторантура деңгейінде білім алады. Олар университеттің гранттық ғылыми жобаларына да тартылады. Қазіргі білім беру бағдарламаларының қатарында дене шынықтыру мұғалімі, жаттықтырушы, спорттық оңалту мамандықтарымен бірге киберспорт бағыты да бар.

Университет өкілінің айтуынша, оқу орны спортқа тек жарыс пен нәтиже тұрғысынан емес, ғылым мен инновацияны ұштастыра отырып қарауды көздейді. Бұл болашақта спортшыларды даярлау сапасын арттырып, салаға қажетті жаңа мамандардың қалыптасуына мүмкіндік береді.

Сондай-ақ оқыңыз: