Жапониялықтардың көбі Олимпиада ойындарын өткізуге қарсы 

Жапониялықтардың көбі Олимпиада ойындарын өткізуге қарсы 

Токиода Жазғы Олимпиада ойындарының ашылуына жарты жыл қалды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Сауалнамаға қатысқан Жапония тұрғындарының 80 процентінен астамы спорттық ойындардың биыл жазда өтуіне қарсы екенін білдірген. Олимпиада елде індеттің өршуіне әсер етеді деп қауіптенеді. «Жарысқа дейін жанкүйерлердің бәрі вакцина алуға үлгеруі мүмкін емес», - дейді тұрғындар.

Осака губернаторы Итиро Мацуидің мәлімдеуінше, Жапонияның өзі де шілде айына дейін халқын түгел вакцинамен қамтамасыз ете алмайды. Олимпиаданы көрерменсіз өткізсе, 869 миллион доллар шығынға ұшырайды. Ұйымдастырушылар осындай сомаға билет сатуды жоспарлаған еді. «2020-жылы өтуі тиіс Токио ойындары тағы да кейінге қалуы немесе мүлдем өтпеуі мүмкін» деген хабар тарай бастады. Бұған қаңтар айында Токио мен іргелес тағы бірнеше префектурада індеттің дендеуіне қатысты төтенше жағдайдың жариялануы себеп. Халықаралық Олимпиада комитеті пен Жапония басшылығы бұл хабарды теріске шығарды.

Стивен Уэйд, спорт сарапшысы:

– Жапония жұртының көпшілігі Олимпиада ойынын өткізуге қарсы. Алайда үкімет ойындарға 25 миллиард доллар инвестиция құйған. Халықаралық Олимпиада комитеті телетрансляциядан түскен табыстың 75 процентін өзіне алады. Токио бұл спорттық жарыстан 3 миллиард доллар пайда көруі мүмкін. Осыншама ақшадан айырылғысы келмейтіні анық. Бұл мәселенің геосаяси астары да бар. Келесі жылы Қытайда қысқы Олимпиада ойындары өтуі тиіс. Ал Жапония көрші елден артта қалғысы келмейді.