Елімізде соңғы жылдары әуесқой шаңғышы қатары көбейді

Елордадағы орталық мәдениет және демалыс саябағында «Esil Winter» шаңғы фестивалі өтті, деп хабарлайды «Хабар 24».

Жас мөлшеріне байланысты жарыс жолына шыққандар өздеріне тиесілі қашықтықта өнер көрсетті. Жарысқа 300-ге жуық адам қатысты.

Қазір Арқада күн жылы. Шаңғы жарысына келгендер де ақпанның аязы болмағынан қуанды. Жеті жасар бала мен жетпістегі қарияға дейін бақ сынауға келді. Балалар жағы 1-2 шақырымды, үлкендер 3-5 шақырымды жүріп өтеді. Бұрынғыдай қалалық емес, бұл жолы республикалық деңгейде ұйымдастырылған.

Дәулет Хамзин, бас төреші:

- Осы шаңғы жарысынан жарыста аз. Сондықтан мына басқа өңірлерден де, Павлодардан, Қарағандыдан, Щучинскіден, Степногорскіден, Ақкөлден барлығы хабарласып, «қатысуға бола ма» дегесін, содан біз ұйымдастырушы комитет барлығын қатыстыруға тіркеуге шешім шығарды.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, орталық саябақ жаңғыртудан өтіп, шаңғымен жүруге ыңғайлы жолдар төселген. Жалпы соңғы жылдары спорттың осы түріне көп көңіл бөліне бастаған. Кәсібилер өз алдына, әуесқой шаңғышы қатары көбейіпті.

Ғабит Сәрсенбаев, қала тұрғыны:

- Ауа райы да тамаша болып тұр. Нұр-Сұлтан қаласында жылдан жылға осы шаңғы жарысынан жарыс ұйымдастыру өте жақсы жалғасуда. Осыған қуаныштымыз. Жарысқа қатысайық. Демеуші болайық, жанкүйер болайық. Рахмет, осыны ұйымдастырушыларға.

Бұқаралық шаңғы жарысы жыл сайын өтеді. Бұл жолы санитарлық талап қойылған. Әйтпесе, қатысуға өтініш білдіргендер көп болыпты.

Авторлары: Ақсәуле Байменшина Диас Қобланбаев