Еуро-2020: көрермендер жеребе арқылы іріктелді

Еуро-2020: көрермендер жеребе арқылы іріктелді

Еуро-2020 турнирінің пандемияға байланысты кейінге шегерілгені белгілі.

Вирус жұқтыру қаупінің сақталуына байланысты жанкүйерлер саны бойынша шектеу енгізілген. Футбол додасына бара алатын фанаттар 9 мамыр күні жеребе арқылы іріктелді. Ал біріншіліктен тыс қалғандардың билетке жұмсаған ақшасы кейін қайтарылады. Бірақ нақты мерзімі белгісіз. Бұл туралы РБ Спорт хабарлайды.

Еске сала кеткен жөн, УЕФА «Еуро-2020» футболдан Еуропа біріншілігі матчтары 11 маусым мен 11 шілде аралығында Лондон, Мюнхен, Копенгаген, Рим, Будапешт, Бухарест, Баку, Глазго, Амстердам, Севилья және Санкт-Петербург қалаларында өтеді.

«МЮ» Каванимен келісімшартты ұзартты

«Манчестер Юнайтед» шабуылшы Эдинсон Каванимен келісімшартты ұзартты. Бұл туралы Aladop.kz  хабарлайды. Ресми ақпаратқа сәйкес, 34 жастағы уругвайлық футболшымен жаңа келісім мерзімі 2022 жылдың 30 маусымына дейін жалғасады.

Айта кеткен жөн, Кавани «Манчестер Юнайтедке» былтыр қазан айында франциялық «Пари Сен-Жерменнен» еркін агент ретінде ауысып келді. Бұған дейін ол «Наполи», «Палермо» және «Данубио» клубтарында ойнаған. Биылғы маусымда форвард Англия Премьер-лигасында 23 матч өткізіп, 9 гол соқты. 2 нәтижелі пас берді. «Манчестер Юнайтедтің» Каванимен келісімшартты ұзартуына түрткі болған жағдай – шабуылшының Еуропа Лигасындағы керемет ойыны. Кавани бұл турнирдің жартылай финалында 4 гол соғып, 2 нәтижелі пас берген.

«Ювентус» ішкі біріншіліктен шеттетілуі мүмкін 

Италия футбол федерациясының басшысы Габриэле Гравина «Ювентус» Суперлигадан ресми түрде шықпаса, А сериясына қатыса алмайды деп мәлімдеді. «Мен жанкүйерлерді аяймын, бірақ нақты ережелер бар және ол бәріне қатысты. Бұл күрес жақын арада аяқталады деп үміттенемін», - деді Гравина Sky Sports басылымына берген сұхбатында.

Айта кеткен жөн, «Суперлига» жаңа турниріне 12 еуропалық клуб қатысқысы келген еді. Қазіргі уақытта «Барселона», «Реал Мадрид» пен «Ювентус» клубтарынан басқа барлық команда аты даулы сайыстан ресми түрде шықты. Ал УЕФА басшылығы туриндік клубты еурокубок бәсекесінен шеттетуі мүмкін, деп жазады Aladop.kz порталы.