Әділбек Мусин жүзуден Литвада өткен жарыста топ жарды

Әділбек Мусин жүзуден Литвада өткен жарыста топ жарды
Prosports.kz

Қазақстандық Әділбек Мусин жүзуден Литвада өткен жарыста алтыннан медаль тақты, деп хабарлайды «Хабар 24».

Олимпиада алдында ұйымдастырылған сайыста спортшы 50 метр қашықтықты баттерфляй әдісімен бірінші болып еңсерді. Жылдамдық уақыты – 24 секунд.

Бокс: Б.Нұрдәулетов келесі кезеңге өте алмады

Бокстан 2019 жылғы әлем чемпионы Бекзад Нұрдәулетов Дубайда өтіп жатқан Азия біріншілігінде жартылай финалға шыға алмады. Ол ширек финалда ирандық қарсыласы Мейсам Гешлагиге есе жіберіп алды. 81 келіге дейінгі салмақ санатында өткен жекпе-жек қорытындысы бойынша ирандық спортшы төрешілердің шешімімен жеңіске жетті. Ал қыздар арасында дәл осы салмақ дәрежесінде өнер көрсеткен Ләззат Күнгейбаева шаршы алаң қожайыны Ханан Аль-Зеюдимен жұдырықтасып, оны нокаутқа түсірді. Азия чемпионатында 64 келіге дейінгі салмақта алғашқы кездесуін өткізген Милана Сафронова да жеңіске жетті. Ал 54 келіге дейін салмақта шаршы алаңға шыққан Дина Жоламан үнді қызына есе жіберді.

Зидан «Реал Мадридтен» кетті

Зейнедин Зидан «Реал Мадридтің» бас бапкері қызметінен кетті. Бұл туралы клубтың ресми сайтында жарияланды.

«Біз Зиданның шешімін құрметтейміз. «Реал» үшін жасаған жұмысына алғыс білдіреміз. Зидан тек жаттықтырушы емес, ол клуб аңыздарының бірі» делінген хабарламада. Франциялық бапкер корольдік клубқа 2015/2016 жылғы маусымның ортасында келгенін айта кеткен жөн. Ол командамен бірге қатарынан 3 мәрте УЕФА Чемпиондар Лигасында, ішкі біріншілікте, ел Суперкубогінде, 2 рет УЕФА Суперкубогінде және тағы 2 мәрте клубтар арасындағы Әлем чемпионатында топ жарды. 2018 жылы ол клубтан кетіп, 2019 жылдың басында қайта келді. Алайда осы маусымда «Реал Мадрид» турнирлік кестеде «Атлетикоға» жол беріп, Ла Лигада екінші орынды місе тұтты. Сонымен қатар Чемпиондар Лигасының жартылай финалына дейін жетіп, «Челсиге» есе жіберді.

Ертең чемпиондар лигасының финалы өтеді

Көптен күткен Чемпиондар лигасының финалы ертең болады. «Манчестер Сити» және «Челси» командалары арасындағы матч Порту қаласында Драгау стадионында өтеді.

Еске сала кеткен жөн, әу баста финалдық матч Ыстамбұл қаласында өтеді деп жоспарланған еді. Алайда ондағы эпидемиологиялық ахуалға байланысты ақтық ойынның өтетін орны Португалияға ауыстырылды.

Шешуші матч елорда уақытымен 28-нен 29 қараған түні өтеді.

ҚПЛ: XIV тур

Бүгін Қазақстан Премьер-Лигасының 14 туры аясында 3 матч өтеді. Петропавлдық «Қызыл-Жар» өз алаңында «Таразбен» ойнайды. Алматылық «Қайрат» қызылордалық «Қайсарды» қабылдаса, өткен турда Ақтөбеден олжалы оралған түркістандық «Тұран» соңғы матчтарда сәттілікті серік қылған Жетісумен мықтылық байқасады. Ал ертең 4 бірдей матч өтеді. Ордабасы - Шахтер, Каспий - Астана, Атырау мен Ақжайық арасындағы дерби және Тобыл - Ақтөбе.